Қазақстанда 14–23 наурыз аралығында өтетін «Наурызнама» онкүндігі жалғасуда. Бұл — Наурыз мейрамын жаңаша форматта атап өтудің үлгісі. Онкүндіктің әр күні белгілі бір құндылыққа арналып, қоғамда бірлік пен рухани жаңғыруды дәріптейді.
Ел бойынша ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардан Ұлттық ұлан әскери бөлімдері де шет қалған жоқ. Соның бірі — Шымкенттегі 6506 әскери бөлімі.
Мұнда Наурыз тек мереке ғана емес, сарбаздарды тәрбиелеудің маңызды құралы ретінде қарастырылады. Онкүндік басталғалы бөлімде сарбаздардың рухын көтеруге және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Онкүндіктің жекелеген күндерінде сарбаздарға арнап мерекелік дастархан ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар арқылы қазақ халқының қонақжай дәстүрі насихатталуда.
«Біздің басты мақсатымыз — мерекені атап өту ғана емес, оның маңызын әрбір әскери қызметшіге жеткізу. Наурыз — бұл ең алдымен бірлік, тарих пен дәстүрге деген құрмет. Осындай іс-шаралар арқылы біз сарбаздардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін қалыптастырамыз», — деді әскери бөлім командирінің орынбасары полковник Багитжан Баламбаев.
Сонымен қатар, мәдени бағыттағы іс-шаралар да кеңінен қамтылған. Әскери қызметшілер ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, түрлі танымдық кездесулерге қатысуда.
Ұлттық спорт ойындары да ерекше орын алады. Сайыстар сарбаздардың дене дайындығын арттырып қана қоймай, олардың өзара сенімін күшейтіп, ұжымдық рухты нығайтады.
«Наурызнама» онкүндігі әлі де жалғасуда. Алдағы күндері сарбаздарды тағы да көптеген мазмұнды әрі қызықты іс-шаралар күтіп тұр. Бүгінде бұл мереке әскери бөлім өміріне жаңа серпін беріп, дәстүр мен заманауи құндылықтарды үйлестірген маңызды кезеңге айналып отыр.
