• 13 марта, 2026 4:44 пп

Отандық өндірісті қолдаудың берік негізі

Автор:admin

Мар 13, 2026

 

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ел дамуына жаңа серпін беріп отыр. Әсіресе, Қазақстанның жаңартылған Конституциясында кәсіпкерлікті қолдау, жеке меншікті қорғау және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерінің нақты айқындалуы – бизнес қауымдастық үшін маңызды әрі сенімді құқықтық негіз қалыптастырды.

Бүгінде Шымкент қаласында орналасқан «Marai E7 Group» ЖШС еліміздегі медициналық өнімдер шығаратын ірі отандық кәсіпорындардың бірі болып табылады. Кәсіпорын бірнеше бағыт бойынша өндіріс жүргізеді. Атап айтқанда, бірінші өндіріс желісінде полиуретаннан жасалған бинттер мен медициналық шиналар шығарылады. Екінші өндіріс желісі гипстан жасалған бинттер өндіруге бағытталған. Ал үшінші өндіріс желісінде стерильді дәке түйіршіктері дайындалады. Сонымен қатар кәсіпорында титаннан жасалған остеосинтез импланттары да өндіріледі. Жалпы алғанда, компания 4200-ден астам түрлі медициналық өнім шығарады.

Кәсіпорынның басты мақсаты – отандық денсаулық сақтау саласын сапалы әрі қолжетімді медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету. Осы бағытта компания «СК-Фармация» жобасы аясында жұмыс істеп, еліміздегі медициналық өндірісті дамытуға өз үлесін қосып келеді. Бұл – мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесінің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде:
«Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Ал кәсіпкерлер экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу және қоғам алдындағы жауапкершілігін адал атқаруы тиіс», – деп атап өткен болатын.

Бұл сөздер мемлекет пен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің айқын көрінісі. Яғни мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ел экономикасына инвестиция тартып, жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын құру арқылы қоғам дамуына үлес қосады.

Қазақстанның жаңартылған Конституциясында бекітілген осы қағидалар еліміздегі өндіріс орындарының тұрақты дамуына берік негіз болады деп сенеміз. Мұндай құқықтық кепілдіктер кәсіпкерлерге сенімділік береді. Ал отандық өндіріс күшейген сайын халықтың әл-ауқаты да арта түседі.

Біздің басты мақсатымыз – сапалы медициналық өнім өндіру арқылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне үлес қосу және Қазақстанда заманауи өндірісті дамыту. Жаңартылған Конституция кәсіпкерлік бастамаларды қолдап, әділетті әрі тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыруға қызмет етеді деп сенеміз.

Автор: admin