Бүгін Ханшайым Плаза сауда орталығының фойесінде 15 наурызда өтетін республикалық референдумға орай «Voice Wall» интерактивті алаңы ұйымдастырылды. Аталған алаңда қала тұрғындары мен жастар өз пікірлерін жазып, ел болашағына қатысты ұсыныс-тілектерін білдірді.
Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаты Самат Рысбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында азаматтық белсенділіктің маңыздылығына тоқталып, алдағы референдумның ел дамуы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Шараны Түркістан облысының көшбасшы жасы Айбар Мырзагельдин жүргізіп, қала жастарымен бірге барша тұрғындарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Іс-шараға 300-ге жуық белсенді қала жастары қатысты. Шара барысында Ермек Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалып, жиналған қауым елдік рухты бірге сезінді. Сонымен қатар ерікті жастардың ұйымдастыруымен жаңа Ата Заңды қолдауға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер орындалды.
Республикалық референдум аясында шағын форматтағы форум өткізіліп, оның маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Кездесу барысында ашық пікір алмасу өтіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.
15 наурыз — ел болашағына бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды күн. Баршаңызды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамыз.
