• 28 февраля, 2026 7:56 пп

Жаңа Конституцияны қолдауға қатысты әр партияның өз ұстанымы бар

Автор:admin

Фев 28, 2026

 

Respublica қандай пайымда?
Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды орта қалыптастыратынын атап өтті.

«Экономикалық өсім ресурстар көлеміне емес, институттардың сапасына, ережелердің тұрақтылығына және меншік құқығының қорғалуына байланысты болмақ. Жаңа Конституция дәл осы институционалдық негізді бекітеді», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова мемлекет пен бизнес әріптестігінің философиясына тоқталды. «Конституция мемлекетке және жеке тұлғаға тиесілі меншікті тең қорғауды бекітеді және адал әріптестіктің жаңа қағидаттарын қалыптастырады», – деді Екатерина Смолякова.

«Халық» пен «Байтақ» неге назар аударды?
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңа Ата Заңның әлеуметтік мәніне назар аударды.

«Жаңа Конституция – мемлекеттің адамға арналғанын мойындауды және әлеуметтік мемлекет болу міндеттемесін алуды білдіреді», – деді Магеррам Магеррамов.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мәселесіне тоқталды. «Қоршаған ортаны қорғау мемлекет пен әрбір азаматтың конституциялық міндетіне айналады», – деді ол.
Өз кезегінде, «Байтақ» партиясының мүшесі Тәңірберген Бердоңғаров Конституция мәтініне «Миранда ережесінің» енгізілуін оң бағалады. «Бұл норманың конституциялық мәртебе алуы үнсіз қалу құқығы мен адвокат көмегіне жүгіну құқығын азаматтарды қорғаудың іргелі кепілдігіне айналдырады», – деді Тәңірберген Бердоңғаров.

«Ақ жол» Ата заңнан қандай үміт күтеді?
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының атынан оның төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу қадамын қолдады.

«Пропорционалды сайлау жүйесі саяси әртараптандыру мен көппартиялықты дамытуға жағдай жасайды», – деді Азат Перуашев. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева жеке меншікті қорғау мәселесіне назар аударды.

«Мемлекетке және жеке тұлғаға тиесілі меншік тең конституциялық қорғауға ие болады. Ал мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы төленуге тиіс», – деді Дания Еспаева.

ЖСДП не деп көсілді?
Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов жаңа редакция адам өмірінің елеулі бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқанын ескеретінін айтты.

«Жаңа Конституцияға сәйкес, цифрлық ортадағы жеке өмір де қорғалады. Адамның жеке деректері оның үйі мен жеке хат-хабарымен бірдей деңгейде қорғауға алынады», – деді Асхат Рақымжанов.

Ал оның фракцияласы Нұрлан Әуесбаев отбасы институты мен бақытты балалық шақты қорғауды күшейту мәселесіне тоқталды. «Отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Бұл – келер ұрпақтың құқықтық кепілі», – деді Нұрлан Әуесбаев.

Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасын талқылауда саяси ұстанымдардың кең ауқымын көрсетіп, көрермендерге елдің алдағы дамуына қатысты негізгі мәселелер бойынша партиялардың көзқарастарын салыстыруға мүмкіндік берді.

Автор: admin