• 25 февраля, 2026 8:02 пп

ТҮРКІСТАНДА «ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ» АТТЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМ АЯСЫНДА AI ХАКАТОННЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

Автор:admin

Фев 25, 2026

 

▪️Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның салтанатты ашылуы өтті.
▪️Аталған форум Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыруға және Цифрландыру жылы аясында Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталған.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен жастар қатысты.
▪️Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Цифрландыру департаментінің басшысы Мұрат Джакин, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Кадр жұмысы департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, форумның стратегиялық маңызына тоқталды.
▪️Спикерлер цифрлық трансформацияны жеделдету, мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект шешімдерін енгізу және қаржылық қауіпсіздік тетіктерін күшейтудің өзектілігін атап өтті.
▪️Екі күнге жоспарланған іс-шараның бірінші күні қатысушылар AI Хакатон аясында нақты мемлекеттік кейстер бойынша жобаларын әзірлеуге кірісті. Командалар қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге жасанды интеллект негізіндегі практикалық шешімдер ұсынуда.
▪️Форумның екінші күні стратегиялық бағыттағы панельдік сессиялар мен сараптамалық пікірталастар өткізіліп, хакатон жобалары қорғалады және үздік командаларды марапаттау рәсімі өтеді.
▪️AI Хакатон қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі экономиканың жолын кесу, тәуекелдерді ерте айқындау және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді әзірлеуді көздейді.
▪️Хакатонға 114 команда, 400-ге жуық қатысушы тіркелді. Қатысушылар қатарында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының білім алушылары бар. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларынан келген командалар іс-шараның республикалық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.
▪️Қатысушылар бес негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынуда. Атап айтқанда, AI Digital Trace – Telegram платформасындағы заңсыз сатушыларды анықтау, лудоманияға қарсы AI – ойын тәуелділігін ерте анықтау және алдын алу, мемлекеттік сатып алуларды AI-талдау – манипуляциялық техникалық ерекшеліктерді айқындау, заңсыз интернет-ресурстарды AI-мониторингтеу – онлайн-казино, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық сайттарды анықтау, Open AI Challenge: Қаржылық қауіпсіздік – алаяқтық, көлеңкелі схемалар және қаржылық тәуекелдерге қарсы еркін бағыттағы шешімдерді әзірлеу.
▪️AI Хакатон – цифрлық дәуір жағдайында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, қаржылық қауіпсіздік инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы күшейтуге және жаңа буынның зияткерлік әлеуетін мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттауға арналған стратегиялық алаң.
▪️Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin