• 17 февраля, 2026 6:50 пп

«Әлеуметтік әділеттілік қағидаты күшейді»: Шымкентте Жаңа Конституция түсіндірілді

Автор:admin

Фев 17, 2026

 

Шымкент қаласында Жаңа Конституцияның мазмұнын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта «Ауыл» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әлфараби Мыңбай «Рахат-Шымкент» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында спикер қолданыстағы Конституция мен жаңартылған редакциядағы негізгі өзгерістерді салыстыра отырып, реформаның мәні мен маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Әлфараби Мыңбайдың айтуынша, Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысу мүмкіндігінің артуы.
— Конституция – мемлекет дамуының темірқазығы. Жаңартылған Ата заң халық сұранысына берілген нақты жауап. Онда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Референдум институтының рөлі артты, бұл – әр азаматтың ел болашағына ықпал ету тетігі күшейді деген сөз, – деді ол.
Сондай-ақ Ата заңда жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені нақты айқындалғаны атап өтілді. Спикердің пікірінше, бұл норма ұлттық байлықты әділ бөлу қағидатын бекітіп, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға негіз болады.
Кездесуде Конституциялық Соттың құрылуы да ерекше назарға алынды. Айтылғандай, енді азаматтар өз құқықтары бұзылды деп есептеген жағдайда Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады. Бұл құқықтық мемлекеттің нақты тетіктерін күшейтеді.
Сонымен қатар Жаңа Конституцияда билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік қағидатының нығайтылғаны айтылды. Парламенттің рөлі артты, ал Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі бірмандаттық округтер арқылы сайланатын болады. Бұл халық пен депутат арасындағы байланысты күшейтіп, өңірлік мәселелердің ашық талқылануына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында фабрика қызметкерлері еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер және жергілікті басқару жүйесіне қатысты бірқатар сауалдар қойды. Спикер әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, Жаңа Конституция нормаларының азаматтардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол әр азаматтың өмір сапасына әсер ететін негізгі заң. Еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғалуыңыз осы құжатпен айқындалған, – деді Ә.Мыңбай.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу соңында өндіріс ұжымы реформаның мазмұны бойынша өз пікірлерін білдіріп, жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын жеткізді.

Автор: admin