Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына кезекті жыл толуына орай тақырыптық іс-шара өтті.
Ауғанстандағы әскери қақтығыс 1979 жылдан 1989 жылға дейін он жылға созылды. Биыл 15 ақпанда шектеулі кеңес әскерінің соңғы легі ауған жерінен шыққанына 37 жыл толады.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері ұйымдастырған кеш ауған соғысының тарихи кезеңдеріне және әскерлерді шығарудың маңыздылығына арналған қысқаша шолумен басталды. Ардагерлер, офицерлер, сержанттар мен сарбаздар майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, елге адал қызмет етіп, жас ұрпақты ерлік пен отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Іс-шара барысында 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары, полковник БагитжанБаламбаев сөз сөйледі.
– «Ауған соғысы мыңдаған офицерлер менсарбаздар үшін нағыз ерлік мектебі болды. Он жылға жуық уақыт бойы олар Отаннан жырақта жауынгерлік міндеттерін атқарып, батылдық пен табандылықтың, әскери антқа адалдықтың үлгісін көрсетті. Біз қаза тапқан батырлардың рухын әрдайым құрметтеп, елге аман оралған ардагерлерге қамқорлық танытуға міндеттіміз. Олар бүгін де қоғам игілігі жолында еңбек етіп, жас буынды отансүйгіштікке және ел тағдырына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде», – деп атап өтті ол.
Шара аясында ардагерлерге қоғамдық белсенділігі және әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен естелік марапаттар табысталды.
Кеш соңында қала өнерпаздары мен әскери бөлім оркестрінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахна төрінде ауған соғысына арналған әндер мен патриоттық шығармалар шырқалып, жауынгер-интернационалистердің ерлігіне деген құрмет пен тағзым ерекше сезілді.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі
