Шымкент қаласында туризм саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Биыл қалада туристік инфрақұрылымды жаңғыртып, қызмет көрсету сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, қалаға келетін туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы екі жылда Шымкентте 11 жаңа қонақ үйдің ашылуы жоспарланған. 2025 жылы Mardan және Green Park қонақ үйлері пайдалануға берілсе, 2026 жылдың соңына дейін Grand Altyn Hotel, By Park, Ихлас, Hilton, Silver Hotel, Алатау, Жанибекова көшесі бойындағы қонақ үй, Novotel және ИП «NEW DRY» жобалары іске асырылмақ. Бұл нысандар қала қонақтарына жайлы жағдай жасап, туристік қызметтердің аясын кеңейтеді.
Сонымен қатар, Бадам су қоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы бастау алды. Жоба қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында демалып, заманауи мәдени-сауықтыру қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған жоба аясында 38 глэмпинг, 18 капсулалық үй, мейрамхана, SPA-бассейн, спорт алаңдары, амфитеатр, жылқы ұстау және шарап дайындау аумақтары іске қосылады деп жоспарланып жатыр.
Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы «Хызыр» мұнарасының аумағы мен «Shymqala» цитадель тарихи-мәдени кешеніндегі Этноауылда жеке кәсіпкерлер есебінен реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар қаланың туристік тартымдылығын арттырып, тарихи мұраларды сақтауға ықпал етеді.
2026 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Сайрам тұрғын алабында орналасқан алты сакралды нысанды реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар, Ибрагим ата, Қарашаш ана және Әбділ Әзіз баб кесенелеріне турникеттер орнатылып, жеті туристік нысанға (Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділ Әзіз баб, Хызыр мұнарасы, Дендросаябақ және Цитадель) арнайы туристік төлқұжаттар енгізілді.
Қалада туристер мен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында жаңа үлгідегі «6–SMART» санитариялық-гигиеналық тораптар іске қосылды. Олар «Спутник» гүлзары, «Тәуке хан» даңғылы, Иляев көшесі, Имран сауда орталығы және «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында орналастырылған.
