• 16 января, 2026 11:17 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТТАРЫНДА 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ ІС ТАТУЛАСУ РӘСІМІМЕН АЯҚТАЛҒАН

Автор:admin

Янв 16, 2026

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Талғат Оңғарбаевтың мәлімдеуінше, былтыр облыстық сотқа 1 886 қылмыстық іс, 37 748 әкімшілік құқық бұзушылық, 41 035 азаматтық және 2001 әкімшілік талап қою бойынша іс түскен.

«2025 жылдың 11 айында сотқа 1 886 қылмыстық іс түсіп, оның 1 852-сі аяқталған. Осы ретте, 1 751 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 653 тұлға бас бостандығынан айырылған. Қалған 1098 тұлғаның 185-не айыппұл, 193-не қоғамдық жұмысқа тарту, 10-на түзеу жұмыстары туралы шешім шығып, 519-ның бас бостандығы шектелген. Сондай-ақ, 123-і шартты түрде сотталса, 47-сі жазадан босатылып, 21-не рақымшылық берілген. Сонымен қатар, өткен жылы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 37 748 іс түсіп, оның 37 541-і қаралған. Одан бөлек, 540 жаза — мерзімінен бұрын босату бойынша қаралып, оның 241-де жаза түрі ауыстырылған. Сондай-ақ, күзетпен ұстауды санкциялау туралы соттармен 1 104 іс қаралып, 640-нан бас тартылған»,- деді спикер.

Брифингке қатысқан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айгүл Жаңбырбаеваның айтуынша, аудандық және оған теңестірілген соттарға 2025 жылы 41 035 арыз түсіп, 31 118 азаматтық іс қозғалған. Апелляциялық тәртіппен 1 890 іс қаралып, оның 1 751-і аяқталған. Сонымен қатар, облыс соттарында 5 836 татуластыру рәсімі өткізілген.

Ал облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Кемеңгер Имашев былтыр 37 748 әкімшілік құқық бұзушылық пен 2001 әкімшілік талап қойылғандығын атап өтті. Сот шешімдерімен мемлекеттік қызметшілерге, лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік мекемелерге қатысты 104 іс бойынша ақшалай өндіріп алу шаралары қолданылған.

ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Азимның айтуынша, 2025 жылы Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Ордабасы және Отырар аудандық сот ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, қазіргі таңда Төлеби аудандық сотының жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Нысанды биылғы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Автор: admin