ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Мәжіліс депутатымен бірге Қазығұрт ауданына барды. Сапар барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, жергілікті өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Атап айқанда, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров Қақпақ ауылдық округінде орналасқан мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Қарқын–2030» ЖШС-нің жобасы 4,1 млрд теңгені құрайды. Америка технологиясын қолдану арқылы 5000 бас ірі қара малды бордақылауды қолға алатын жоба іске қосылса 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, Темір Қырықбаев, Нұралы Әбішов және аудан әкімі Азизхан Исмаилов «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінде жүргізілген жұмыстармен танысты. Қазығұрт ауданының символына айналған кешеннің жаңартылғанына аудан тұрғындары дән риза. Облыстық мәслихат төрағасы бұл жобаның өңір туризмінің дамуына және ауданның көрікті келбетінің артуына оң ықпал ететінін атап өтті. Мұнда 51 метр биіктікте мемлекеттік ту орналасқан. Сондай-ақ, 1880 м² аумаққа газон төселіп, 29 дана жарықтандыру шамдары орнатылып, 400 дана шырша көшеттері егілген.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Одан бөлек, ардагерлер үйінде қазыналы қариялардың мәселелерін тыңдап, ұсыныстарын назарға алды.
Іссапар барысында Темір Базарбайұлы Шұбарбұлақ спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде шұғылдануы үшін ашылған нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған. Қазіргі таңда спорт кешенінде 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда.
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
