Шымкентте 1 041 023 адам, яғни халықтың 81,6 % міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған. Оның ішінде 800 мыңға жуығы жеңілдік санатына кіретін азаматтар. Мемлекет ол тұрғындар үшін сақтандыру жарналарын төлеп, медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 234 мыңға жуық.
Халықты МӘМС жүйесінде қамту мәселесі бойынша осы және өзге де өзекті мәліметтер туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен аймақтық штаб отырысында
ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева баяндады. Қор филиалының басшысы сондай-ақ медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасына жүргізілген мониторинг жұмыстары мен пациенттерден түскен арыз-шағымдар жайлы мәлімдеді.
Штаб отырысында атап көрсетілгеніндей, Қор тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Қордың «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесіндегі «Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі» модулі арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеу жүзеге асырылады. Бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде енгізілген. Басты ерекшелігі – экстерриториялық қағида ұстанымы. Бұл принципке сәйкес, көрсетілген қызметтерге автоматты түрде тіркелген ақаулар мен жеткізушілердің оған қатысты уәждері сол өңірге қатысы жоқ басқа өңірлердегі Қор сарапшыларының қарауына жіберіледі. Сондай-ақ үш деңгейлі апелляция жүйесі енгізілді. Бұл тәсіл мониторинг нәтижелеріне деген сенімді арттырып, медициналық ұйымдарға өз ұстанымдарын қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері емдеу мекемелерінің қызмет сапасына қатысты 1100-ден астам арыз-шағым түскен. Оның ішінде 617-сі негізсіз болғандықтан, пациент тарапынан қайтарып алынған.
Айта кетейік, МӘМС жүйесі – халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ететін негізгі тетік. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылы профилактика, скринингтік тексерулер және ауруларды ерте анықтау негізгі басымдық ретінде айқындалмақ.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент
