• 25 декабря, 2025 11:39 дп

САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ МЕХАНИГІ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТПЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Автор:admin

Дек 25, 2025

 

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында маңдай терімен елге адал қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі лайықты түрде ұлықталуда. Солардың бірі – Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесінде бас механик болып еңбек етіп жүрген Дулат Аралбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Осы бастама аясында Астана қаласында өткен салтанатты жиында ол көп жылғы адал еңбегі мен кәсібіне деген жоғары жауапкершілігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Дулат Аралбаевтың 24 жылға жуық еңбек жолы – бір ғана адамның емес, тұтас бір саланың тарихындай. Ол 1990–1996 жылдары «Қызыл жұлдыз» колхозында механизатор болып еңбек жолын бастап, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе жинақтады. Кейін Түлкібас ауданындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-де түрлі жауапты қызметтер атқарып, кәсіби біліктілігін арттырды.

2015–2024 жылдары «Пістелі» шағын жинақты бастауыш мектебінде қойма меңгерушісі қызметін атқарып, білім саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті қамтамасыз етті. Ал 2024 жылдың мамыр айынан бері «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесінде бас механик ретінде ауданның тыныс-тіршілігінің бірқалыпты жүруіне өз үлесін қосып келеді.

Дулат Аралбаев – ісіне мығым, сөзіне берік, ұжыммен тіл табыса білетін, қарапайымдылығымен құрметке ие азамат. Оның еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ ел өмірі үшін аса маңызды еңбектің айқын үлгісі.

Автор: admin