• 23 декабря, 2025 3:07 пп

КӘСІПКЕРЛІКТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК: ЕУРОПАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ ТҮРКСІТАН ҚОЛДАНУҒА ӘЗІР МЕ?!

Автор:admin

Дек 22, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласын нығайту жөніндегі жолдауларында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті «экономиканың жаңа серпін беретін тұтқасы» деп атап, бизнеске қолдау көрсетудің басты қағидасы – ашықтық, айқындық және мемлекет пен кәсіпкер арасындағы өзара сенім екенін көптен бері айтып жүр. Бұл ұстаным бүгінде Түркістан қаласында нақты нәтижесін көрсетіп бастады ма? Осы тақылеттес сауалдар төңірегіне аналитикалық шолу жасап көрелік.

Артқа шегіну: 2021 жылдан бергі кезеңде Түркістанда МЖӘ жобаларының қарқыны айтарлықтай өсіп, 2025 жылға қарай қала бойынша 40-тан астам жоба қаралып, оның 25-і толық іске асырылған. Білім, денсаулық сақтау, қалалық инфрақұрылым және туризм бағыттарын қамтитын жобалардың жалпы құны 45–50 млрд теңге шамасында. Бұл -жеке сектордың аймақ дамуына белсенді араласа бастағанының айқын дәлелі.

Маңыздысы қалада іске асқан маңызды жобалардың қатарында:

«Түркістан–Жібек жолы» туристік аймағындағы сервистік нысандарды басқару; Қалалық №3 және №5 емханаларды цифрлық жабдықпен қамтамасыз ету жобасы; Жаңа білім нысандарын салу және сенімгерлік басқару; Қаланың көгалдандыру және суғару жүйесін жекешелік операторға беру; Балаларға арналған спорт секцияларын МЖӘ арқылы дамыту бастамалары бар. Осы жобаларды талқылау кезінде Түркістан қаласы кәсіпкерлер палатасы белсенді ақпараттық-ұйымдастырушылық рөл атқарған. Палата басшысы Асылан Ибадуллаев бұл үдерістер туралы біздің  әріптестерге былай дейді: «Түркістанда МЖӘ жобалары кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңін ашты. Әкімдік пен бизнестің бірлескен жұмысы нарықтың өзін реттей алатын, сапаға бағытталған кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастырады. Біздің міндет – кәсіпкерлерге ақпарат жеткізу, қаржылық қолдау тетіктерін түсіндіру және жобалардың ашық жүргізілуін қамтамасыз ету. Соңғы үш жылда МЖӘ жобаларын іске асыруға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер саны 30 пайызға өсті».

Мақала басындағы сауалға нақты жауап:

Еуропалық Одақ елдерімен салыстырғанда Түркістан моделі бірқатар бағыт бойынша өзіндік ерекшелікке ие. Еуропада МЖӘ көбіне қалалық көлік жүйесі, энергия тиімділігі, цифрлық инфрақұрылым, жасыл экономика арқылы дамиды. Мәселен, Францияда мектептердің 30%-ы, Британияда ауруханалардың басым бөлігі МЖӘ арқылы салынған. Еуропалық тәжірибедегі басты талап — ашық конкурс, жеке секторға тәуекелдерді нақты бөліп беру және сапа стандартын қатты бақылау. Түркістан осы бағытқа бейімделе бастап, бәсекелестік өрісін кеңейтіп келеді.

Ел аумағында:

Қазақстанның өзге өңірлері де МЖӘ-ні белсенді қолданып жатыр дей аламыз, себебі қолда бар мәліметтерге сүйенсек: Астанада 70-тен астам, Алматыда 50-ден көп, Шымкентте және Павлодарда инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылған. Ал Түркістанның артықшылығы-туризмге бағытталған ұзақмерзімді сервистік жобалардың көптігі. Бұл қаланы Орталық Азиядағы туристік хабқа айналдыру міндетімен тікелей байланысты.

Шартарапқа жүгірткен ойымызды, ізденіссімізді, зерттеуімізді жүйелесек, Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бизнестің дамуына ғана емес, қаланың болашақ экономикалық моделін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Әкімдік қолдауы, палата жетекшілігінің ақпараттық сүйемелдеуі және кәсіпкерлердің белсенділігі бірігіп, жаңа бәсекелі нарықтың құрылуына мүмкіндік берді дей аламыз. Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, «мемлекет бизнестің әр қадамын қолдауға дайын» болса, кәсіпкерлер де дәл сондай жауапкершілікпен қала дамуының стратегиялық серіктесіне айналуға дайын.

JSK Enter Media

Автор: admin