• 19 декабря, 2025 11:51 дп

ЖЕТІСАЙДА ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА КОМАНДАЛЫҚ КӨКПАР ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Ұлттық спортты дамытуға арналған жүйелі іс-шара ретінде Жетісай ауданында “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!” атты ұранымен ересектер арасында командалық көкпардан ашық біріншілік өткізілді.

Бұл жарыстың негізгі мақсаты – аудан көлемінде ұлттық ойындарды насихаттау, шабандоздардың достық қарым-қатынасын нығайту және алдағы уақытта өтетін Түркістан облысының чемпионатына шабандоздарды іріктеу болды.

Жарысқа ауданнан үш команда қатысты:

Жетісай командасы, жаттықтырушысы – Айтуғанов Шынболат;

Асықата командасы, жаттықтырушысы – Тағай Мейіржан;

Атамекен командасы, жаттықтырушысы – Болысбек Мейірбек;

Сайыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Көкпар алаңында командалар өзара күш сынасып, шабандоздардың шапшаңдығы, сәйгүліктің төзімділігі, командалық ынтымақтастық ерекше байқалды.

Жарыс нәтижесі:

І орын – Атамекен командасы;

ІІ орын – Жетісай командасы;

ІІІ орын – Асықата командасы;

Үздік ойыншылар мен сәйгүліктер:

Үздік ойыншы: Дәулет Сейділлә;

Үздік қорғаушы: Кенегес Алмасбек;

Үздік шабуылшы: Зияудин Әбубәкір;

Үздік сәйгүліктер: Жапбаров Сәрсенбек және Шойынбайұлы Тұрлыбек.

Жарыс соңында жеңіске жеткен командалар мен үздік спортшылар Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан кубоктар мен дипломдармен марапатталды.

Бұл жарыс аудан халқының ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, шабандоздар мен олардың бапкерлеріне тәжірибе жинауға, алдағы додаларға сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді. Көкпар алаңындағы шынайы тартыс көрермендерге ерекше әсер сыйлады, ал жеңімпаздар мен үздік спортшылардың атқарған жұмысы – ұлттық ойынның дамуына қосылған нақты үлес болып табылады.

Жетісай ауданындағы мұндай жарыстар – ұлттық дәстүрімізді насихаттаудың, жастар мен ересектерді салауатты өмір салтына баулудың, спорттық рухты шыңдаудың тиімді құралы. Алдағы уақытта да осындай жарыстардың тұрақты өткізілуі, шабандоздар шеберлігінің артуы мен ұлттық спорт мәдениетінің дамуына септігін тигізеді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin