“Мықты мемлекет боламыз десек, ең алдымен ауылды дамытуымыз керек. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз”, — деді мемлекет басшысы. Осы ұстаным Созақ ауданына қарасты Сызған ауылдық округінің тыныс-тіршілігін жаңа деңгейге шығарып отыр. Бірнеше жыл бұрын шаң басқан, инфрақұрылымы әлсіздеу көрінетін ауылдар бүгінде көркейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыра бастаған. Әлеуметтік жобалардың жүйелі жүзеге асуы халықтың тұрмыс сапасын арттырып, округтің жаңа кезеңге қадам басуына жол ашты. Округ әкімі Базар Жаппарқұловтың айтуынша, 2024 жыл Сызған үшін ерекше белес болды – жоспарланған істердің басым бөлігі орындалып, алдағы уақытқа да тың мақсаттар белгіленген.
Өңірді дамыту аудан басшылығының басты назарында. Созақ ауданы ауылдардың әлеуетін арттыру үшін кешенді даму жобаларын іске асырып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң өзгерістер ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етуде. Әсіресе, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жаңа ғимараттар салу, халыққа қажетті қызметтердің сапасын көтеру бағытында нақты қадамдар жасалды.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша да көп іс атқарылған. Сызған округінде ішкі көшелерді жарықтандыру, ауыз су жүйесін қалыпты режимде ұстап тұру, электр желілерін жаңарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар газдандыру, су құбырларын жаңарту, кәріз жүйесін реттеу ісі округпен қатар ауданның өзге ауылдарында да қолға алынып жатыр. Мұндай жобалар тұрмыстық қолайлылықты арттырып қана қоймай, ауылдардың қауіпсіздігін күшейтіп, болашақта инвестиция тартуға мүмкіндіктер ашады.
Сызғанның жаңғыруын айқын көрсететін өзгерістің бірі – жол сапасының жақсаруы. Биыл облыстық маңыздағы «КХ-110» автожолының Қозмолдаққа дейінгі 13,3 шақырымдық бөлігі толықтай асфальтталып, пайдалануға берілді. Күні кеше ойлы-шұңқырлы, шаң-тозаңы көп жолдар ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына ғана емес, шаруашылық жұмыстарына да қолбайлау болатын. Қазір бұл бағыт тегіс әрі ыңғайлы жолға айналып, облыс орталығына қатынауды жеңілдетті. Жаңартылған тасжол ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға да қолайлы жағдай жасап отыр. Қозмолдақ пен іргелес елді мекендердің бір-бірімен байланысы күшейіп, өңірдің жалпы көлік инфрақұрылымы жаңа қарқын алды.
Ішкі көшелер де назардан тыс қалмады. Қ.Тоқмұхамедов пен Ж.Дәуітбаев көшелерінде ұзындығы 2,3 шақырым жаңа аяқжол төселді. Бұл жаяу жүргіншілер үшін ғана емес, жалпы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін маңызды қадам болды. Қайнар елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне 7,9 шақырым асфальт төселді. Жаңарған жолдар ауыл тұрғындары үшін тек қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың бейнесін толық өзгертті, мектепке, дүкендерге немесе мәдениет үйіне жетуді барынша ыңғайлы етті.
Жастар мен балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру округтің басты басымдығының бірі. Қозмолдақ ауылындағы футбол алаңы жаңартылып, заманауи спорт орталығына айналды. Арнайы жасанды төсеніш пен қоршауы бар алаңда жаттығулардан бөлек, ауылішілік жарыстар өткізуге де мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жабық үлгідегі кіші футбол алаңы кез келген ауа райында жұмыс істейді. Енді ауыл жастары жыл бойы жүйелі түрде спортпен айналысып, турнирлер мен жаттығуларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жастарға тек дене шынықтырумен айналысуға ғана емес, командалық рухты нығайтуға, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіруге де септігін тигізеді.
Балалардың белсенді өміріне де көңіл бөлінді. Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жаңа ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Қ.Рүстемов көшесіне орнатылған воркаут алаңы ересектердің де спортқа ден қоюына жағдай жасап, ауыл тұрғындарының өмір сүру салтын белсенді етуге мүмкіндік берді.
Жарықтандыру — ауыл өміріндегі маңызды мәселелердің бірі. Биыл Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде 12,9 шақырым көше жарығы орнатылды. Бұрын қараңғы болып келген көшелер енді жарыққа толып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Жарық бағандары ауылдың негізгі көшелерін толық қамтып, кешкі уақытта да адамдардың еркін қозғалуына жағдай жасады. Бұл жоба тек қана қауіпсіздікпен шектелмей, ауылдың көркіне де сән берді, түнгі ауылдың бейнесін әсем көрініске бөледі.
Ауылдағы маңызды нысандардың бірі көпір инфрақұрылымы. Биыл округ аумағында төрт көпірдің құрылысы жүргізіліп, елді мекендер арасындағы көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды. Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір тұрғындар үшін аса қажет болатын. Енді ол көлік пен жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Т.Төреханов және Е.Алдасүгірұлы көшелеріндегі екі көпір ауыл ішіндегі қатынастың үздіксіз болуына жол ашты. Көпірлер ауылды біртұтас жүйеге біріктіріп, ауыл тұрғындары үшін қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етті.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған жаңа полигонның құрылысын да ерекше атап өтуге болады. Бұрын қалдықтарды ретсіз тастау ауылдардың санитарлық жағдайына кері әсер ететін болса, енді арнайы полигон іске қосылғанда ауылдарды таза ұстау, экологиялық мәдениетті арттыруға мүмкіндік туды. Бұл тек қана тазалық емес, болашақ ұрпаққа қалдыратын жауапкершілік пен табиғатты сүйетін сана тәрбиесін қалыптастыру.
Мәдениет саласында да айтарлықтай жаңалықтар бар. Сызған ауылдық округіндегі мәдениет үйі жөндеуден өтіп, тұрғындардың шығармашылық өміріне серпін берді. Жөндеуден кейін клубта мәдени іс-шаралар, үйірмелер, жастар жиналатын кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл ауылдың рухани өмірін жандандырып, тұрғындар үшін мәдени орталыққа айналды. Енді ауылдық мерекелер мен шығармашылық кездесулер осы жаңа орынның айналасында өткізіледі, жастардың өнерге деген қызығушылығы артты, ауылдық мәдени өмірге жаңа леп берді.
Тұрғындардың пікірі мен ұсыныстары да назардан тыс қалмайды. Жол, су, интернет сапасы, ауыл шаруашылығы мәселелері және қоғамдық орындардың жетіспеушілігі жөнінде айтылған ұсыныстар келесі жоспарларға енгізілмек. Ауыл тұрғындарының қажеттілігін басшылық деңгейінде қарау округтің дамуын тұрғындар сұранысына бейімдеудің ең тиімді жолы. Сызған ауылдық округінде атқарылған жұмыстар тек ауылдың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып отыр. Жаңартылған жолдар, жарықтандырылған көшелер, спорттық және мәдени нысандар ауылдың әлеуметтік әлеуетін нығайтуға бағытталған нақты қадамдар.
Jsk ақпараттық агенттігі.
