Ұлттық спорт түрлері – тек спорт емес, ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінің айнасы, елдің бренді іспетті. Ежелден қазақтар мерекелерде, той-томалақтарда өздерінің дәстүрлі жарыстарын ұйымдастырып, күш пен ептілікті көрсетуге тырысқан. Қазіргі таңда да бұл дәстүрлер өз жалғасын тауып, ел ішінде ғана емес, республикалық деңгейде де кеңінен танымал болып келеді. Осындай ұлттық спортты дәріптеу мен жастар арасында насихаттау мақсатында Созақ ауданында қызықты әрі мазмұнды шара өтіп, өзімізде қатысқан едік. Сол жиын еске түсіп, бөлісуді жөн санадық.
Аудан аумағындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде ұйымдастырылған «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында ұлттық спорт пен салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған бірқатар танымды сайыстар өткізілді. Бұл шара тек жарыс қана емес, көрерменге қазақ халқының дәстүрлі өмірімен танысуға мүмкіндік беретін мәдени кеш ретінде де есте қалды.
Шараның ерекше қызығы – қыздар мен жастарға арналған дәстүрлі сайыстар болды. Қыздар арасында өткен күбі пісу байқауында қатысушылар өздерінің аспаздық шеберліктерін көрсетті. Арнайы дайындалған ағаш күбі мен піспек арқылы айран пісіру өнері сынға түсті. Ауылдық жерлерден шақырылған әжелер төрелік жасап, әр қатысушының дайындығын бағалап, дәстүрлі пісіру әдістерін дұрыс қолдануына мән берді. Бұл сайыс қатысушыларға тек шеберлікті емес, сонымен қатар ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық тағам мәдениетін сезіну мүмкіндігін берді.
Жастар арасында ұйымдастырылған қазақ күресі жарысы да ерекше қызыққа толы болды. Елдің әр аймағынан келген жас спортшылар алты командаға бөлініп, өзара белдесті. Күрестің әр кезеңі көрерменді сергітетін қызық сәттерге толы болды. Жас спортшылардың шапшаңдығы, төзімділігі мен әдіс-тәсілдері сайысқа қатысушылардың ғана емес, келген қонақтардың да қызығушылығын арттырды. Мұндай жарыстар жастардың физикалық дайындығын жақсартып қана қоймай, ұлттық спортқа деген құрметін арттырады.
Сонымен қатар, ұлттық ойындардың бірі саналатын ләңгі тебу сайысы да ерекше әсер қалдырды. Табиғи ортада ұйымдастырылған бұл жарыста жастар өз ептілігі мен шапшаңдығын сынады. Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде ләңгіні мүмкіндігінше көп тебуге тырысып, командалық нәтиже үшін күш сынасты. Бұл спорт түрі тек физикалық дайындықты талап етпей, сонымен қатар дәлдік, шапшаңдық және ұжымдық әрекетке үйретеді.
Барлық сайыстар командалық ұпайлар бойынша есептеліп, қорытындысында үздік қатысушылар мен командалар марапатталды. Жоба жеңімпаздары арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болып, ұлттық спортқа қосқан үлестері үшін құрметке бөленді. Мұндай шаралар жас ұрпақты отансүйгіштікке, дәстүрлерге құрметпен қарауға және өз мүмкіндіктерін көрсетуге үйретеді.
«JasSAQ» жобасы тек спорттық сайыстармен шектелмей, көрерменге қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, музыкалық өнерін таныстыруға мүмкіндік берді. Этно-лагерьде ұйымдастырылған мәдени кештер мен шеберлік сабақтары қатысушылардың ұлттық рухын көтеріп, жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастырды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер үшін бұл – өз мәдениетін танудың, дәстүрлі спорт түрлерімен танысудың ерекше мүмкіндігі болды.
Созақ ауданының осындай бастамалары жергілікті қауымдастықты біріктіріп, ұлттық спортты насихаттауда маңызды рөл атқарады. Әрбір ұйымдастырылған шара халыққа рухани азық беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар, бұл жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, дене шынықтырумен айналысуға ынтасын оятады.
Бұл шараның көрерменге де, қатысушыларға да берері мол болды. Әр қатысушы өз қабілетін сынап, ұлттық спортқа деген құрметін көрсетті. Жастардың белсенділігі мен қызығушылығы болашақта ұлттық спортты одан әрі дамытуға, жаңа жетістіктерге жетуге негіз болады. Осылайша, Созақ ауданы ұлттық спорт пен дәстүрлі мәдениетті бір арнада дамытып, елімізде бұл бағыттағы үздік тәжірибелердің бірі болып отыр.
Jsk ақпараттық агенттігі.
