• 15 января, 2026 6:29 дп

Сайрам ауданында медиация мәдениетін нығайтуға арналған көшпелі жиын өтті

Автор:admin

Ноя 21, 2025

Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністік – ел дамуының негізгі тірегі. Әсіресе көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан үшін қоғамдық келісімнің сақталуы, әлеуметтік қатынастардың үйлесімді дамуы айрықша мәнге ие. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдары атқарып келе жатқан жұмыстардың орны айрықша. Ассамблея жанындағы медиация институты да қоғамдағы дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешуге ықпал етіп, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға қызмет етіп келеді. Дәл осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудандар мен ауылдық округтерде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде  өткізіліп, жұртшылық арасында медиация мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде Қарабұлақ ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Медиация кеңесінің IV тоқсандағы көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жыл қорытындысын талқылау, қоғамдық медиаторлардың жұмысын бағамдау және алдағы жылға жоспарланған міндеттерді айқындауға бағытталды.

Көшпелі отырысқа Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Шамуратов Бахтияр Абдикаримович, «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Медиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор Даванова Сайера Мирзалиевна, кәсіби медиатор Надирова Гулизар Юсуповна және қоғамдық медиаторлар қатысты. Қатысушылардың саны мен құрамы аудан көлемінде медиация саласына айтарлықтай назар аударылып келе жатқанын көрсетеді.

Алқалы жиынның күн тәртібінде IV тоқсанда атқарылған іс-шаралардың орындалу барысы жөніндегі есепті баяндау және 2026 жылға арналған аудандық Медиация кеңесінің жұмыс жоспарын талқылау тәрізді екі негізгі мәселе қаралды.

Аталған мәселелерді талқылау арқылы қатысушылар медиация мәдениетін қалыптастырудағы нақты нәтижелерді саралап, алдағы жұмыс бағыттарын үйлестіруге мүмкіндік алды.

Отырыста алғаш сөз алған Сайера Даванова медиацияның қазіргі қоғам үшін маңызын атап өтіп, оның құпиялылықты сақтау, жауапкершілікті арттыру және дауласушы тараптар арасында өзара сенімді нығайту сияқты артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, медиаторлардың жұмысы көбіне отбасылық-тұрмыстық, мәдениетаралық және өндірістік сипаттағы дауларды шешуге бағытталған. «Медиация – уақытты, қаржыны үнемдеп қана қоймай, ең бастысы, жүйкені тоздырмауға көмектесетін тиімді тетік», – деп атап өтті ол.

Келесі кезекте сөз сөйлеген Бахтияр Шамуратов Қазақстан қоғамының негізгі құндылықтары – бейбітшілік, сыйластық және ортақ жауапкершілік екенін жеткізді. Ол этносаралық қатынастарды дамытудағы мемлекеттік саясаттың рөлін ерекше атап, бұл бағытта әрбір азаматтың атсалысуы маңызды екенін баяндады.Бұдан бөлек, қоғамдағы тұрақтылық – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, жалпы халықтың белсенді ұстанымына байланысты екені айтылды.

Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы бірлік пен келісім – тек ұран емес, нақты әрекет пен шынайы көзқарасқа негізделуі қажет екенін қадап айтты. «Бейбіт өмірдің мәнін жүрекпен сезініп, санаға сіңірген ел ешқашан адаспайды», – деген ол кәсіби және қоғамдық медиаторлардың жұмысына табыс тіледі.

Бүгінгі өткен көшпелі отырыс медиация институтын жергілікті деңгейде дамыту, халыққа жақын ету, түрлі этнос өкілдерінің арасында түсіністік пен сенімді тереңдетуде ерекше маңызға ие болды. Мұндай жиындар қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, дауларды сотқа жеткізбей шешу мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin