• 14 декабря, 2025 7:35 пп

Сайрам ауданында этнос өкілдері арасында ұлттық қолөнер байқауы өтті

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында еліміздің бірлігі мен тұрақтылығының негізіне  айналған мәдениеттер тоғысындағы Сайрам ауданының орны айрықша. Бұл аудан ғасырлар бойы түрлі этностардың ортақ шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп, өзара мәдени байланыстарды сақтап, жалғастырып келе жатқанымен белгілі. Әсіресе Сайрам – көне дәстүр мен жаңа заманның тоғысқан мекені. Мұнда ұлттық қолөнерге деген құрмет, көнеден келе жатқан кәсіптерді ұрпақ санасына сіңіру бағытындағы игі істер қашанда қолдау тауып келеді. Киіз басу, алаша тоқу, зергерлік, ағаш ою, кестелеу секілді қазақтың бай мұрасын әр ұлттың жастары бірлесе үйреніп, қазіргі заманға бейімдеп дамытуы – өңірдің этносаралық келісімнің алтын бесігі екенін дәлелдейді.

Осындай құндылықтарды жас буын санасына сіңіру мақсатында Қарабұлақ ауылында орналасқан Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжде болашақ шеберлердің шығармашылығы мен кәсіби әлеуетін анықтайтын «Ел іші – өнер кеніші» атты байқау ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді жаңғырту, талантты жас қолөнершілерді қолдау, олардың туындыларын бұқара арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ шығармашылық, қолөнер және кәсіпкерлік бағыттарының арасындағы байланысты күшейту.

Байқауға тігін мамандығында оқитын түрлі этнос өкілдері белсене қатысып, өз қолымен жасаған бұйымдарын, жаңашыл идеялары мен ерекше стильдік шешімдерін көпшілік назарына ұсынды. Киім дизайны, ұлттық нақыштағы әшекейлер, заманауи киім үлгілерін дәстүрлі ою-өрнекпен үйлестіру, жаңа материалдарды тиімді пайдалану – қатысушылардың кәсіби ізденіс пен шабытқа толы еңбектерін айқын көрсетті. Шара барысында студенттер тек өнерін ғана көрсетіп қоймай, өз жұмыстарының тарихи негізіне, қолданылған технологияларына және практикалық маңызына тоқталып, мамандыққа қызығушылықтары мен кәсіби көзқарастарын ортаға салды.

Қазылар алқасы жас шеберлердің еңбектерін шығармашылық идеяларының жаңашылдығы, ұлттық нақышты дәл бере білуі, техникалық сауаттылығы мен бұйымдардың сапасына қарай бағалап, үздік деп танылған қатысушыларды түрлі номинациялар бойынша алғыс хаттармен марапаттады. Бұл марапаттар студенттердің кәсіби өсуіне серпін беріп, алдағы уақытта да ұлттық өнерді дамытуға ынталандыратыны сөзсіз.

Бүгінгі «Ел іші – өнер кеніші» байқауы Сайрам ауданының мәдени өмірінде айтулы оқиғаға айналды. Ол жастардың бойындағы шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, ұлттық өнерді заманауи тұрғыда дамытуға жол ашты. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір алаңда бас қосып, ортақ құндылықты жаңғыртуы – Қазақстан халқы Ассамблеясының көпұлтты қоғамды біріктіру міндетімен  үндесіп жатыр. Мұндай шаралар жас шеберлерге тәжірибе алмасуға, өз өнерін көпшілікке танытуға, кәсіпкерлік бағытта дамуға көмектеседі. Ең бастысы – ұлттық мұрамызды сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау ісінде жастардың белсенділігі артып, қолөнердің жаңа тынысы ашыла түседі.

Ұлттық өнер – халқымыздың рухани болмысы. Сол болмысымызды сақтап, оны заман талабына сай түрлендіріп, ел игілігіне жарату – бүгінгі буынның маңызды міндеті. Бүгінде осындай байқаулар қазақ қолөнерінің өрісін кеңейтіп, әр ұлттың жастарын бір мақсатқа біріктіретін мәдени көпірге айналып отыр.Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапса, өңір жастарының кәсіби шеберлігі шыңдалып, ұлттық құндылықтарымыздың жасампаздық әлеуеті одан әрі арта түсері сөзсіз.Сонымен қатар, байқау жастардың ынтасын арттырып, ұлттық мәдениетімізді заманауи қырынан насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin