Түркістан облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2025-2026 оқу жылына арналған жалпы педагогикалық кеңес ұйымдастырылды. Жиынға мектеп директоры Нұрмахан Мелдеханов төрағалық жасап, өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталды.
Кеңестің алғашқы бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсету және спортшыларға санат беру тәртібінің жаңа талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл бағытта Ордабасы аудандық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы М. Түлешов жаттықтырушылар мен әдіскерлерге жаңа ережелер мен спортшыларға санат беру тәртібін нақты мысалдармен баяндап берді.
Жиын барысында спорт мектебінің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Қазіргі таңда аталған спорт мектебінде спорттың 11 түрінен 660 жасөспірім кәсіби деңгейде жаттығып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүр. Бұл көрсеткіш Ордабасы ауданының спортқа деген ерекше көңілі мен қолдауын айқын көрсетеді.
2025 жылдың басынан бері спорт мектебі бірқатар айшықты жетістіктерге қол жеткізді:
Әлем чемпионаты – 4 алтын, 3 күміс, 1 қола;
Азия чемпионаты – 2 алтын, 1 күміс;
Қазақстан чемпионаты – 13 алтын, 14 күміс, 20 қола;
Халықаралық және республикалық турнирлер – 49 алтын, 20 күміс, 44 қола;
Облыс чемпионаты – 57 алтын, 29 күміс, 36 қола;
Қазақстан жастар спорт ойындары – 1 алтын, 1 күміс, 3 қола.
Бұл нәтижелер — Ордабасы ауданы спорт саласына берген ерекше қолдау мен жастарға жасалып жатқан жағдайлардың жемісі. Аудандық әкімдік пен бөлімнің тұрақты назар аударуы, мамандардың кәсіби шеберлігі және жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі арқасында жас спортшылар халықаралық және республикалық деңгейде елеулі жетістіктерге жетіп отыр.
Жиын соңында мектеп директоры Нұрмахан Мелдеханов ұжымға үн қатып, қол жеткізілген табыстарды ерекше атап өтті. Ол жаттықтырушыларға алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге ұмтылуды, жас спортшылардың қабілетін барынша дамыту мен олардың халықаралық ареналарда ел абыройын қорғауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ордабасы ауданының спорт саласына баса көңіл бөлгені, балалар мен жасөспірімдерге арналған мүмкіндік пен қолдаудың артуы, ел намысын қорғауға қабілетті спортшыларды даярлаудағы маңызды фактор болып отыр. Бұл педагогикалық кеңес — жас таланттарды танып, кәсіби бағыт беру және ауданның спорт инфрақұрылымын дамытудың тиімді жолы ретінде бағаланды.
Jsk ақпараттық агенттігі
