• 14 декабря, 2025 10:47 пп

Спорт САМБО САҢЛАҒЫ Ордабасы ауданы, Бірлік ауылының тумасы — самбодан Қазақстан чемпионы Бизақ Маржан Мұратқызы

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Өткен жылы Семейде самбодан Қазақстан чемпионаты өтті. Үш күнге созылған боз кілем бәсекесі тартысқа толы болды. Еліміздің барлық аймағынан 500-ге жуық балуан өзара сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Топ жарып, көзге түскендер ұлттық құрама сапына алынып, сол жылы өтетін құрлық дода мен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болды.

Тартысты боз кілем бәсекесі қазақ самбосының академигі атанып кеткен Керей Қойшыбекұлын еске түсіруге арналды. 18 жыл ұлттық құраманың бас бапкері атанған білікті маман талай тарландарды тәрбиелеп шығарды.

Семей боз кілемінде үздіктерді жолдан тайдырған жерлесіміз Бизақ Маржан Мұратқызы 59 келі салмақта Қазақстанның 9 мәрте чемпионы атанған, дүниежүзілік додада екі рет күміс жүлде алған Жұмабаева Динарамен финалға шығып, айбынды қарсыластың осал тұсын тауып, жеңіске жетті. Маржан Мұратқызы финалға дейін Қызылорда және Алматы облысынан келген өкілдерін жеңген еді.

БИЗАҚ Маржан Мұратқызы 1997 жылғы 28 желтоқсанда Бірлік ауылында дүниеге келген. Самбо күресінен Қазақстанның 11 дүркін, Азияның 5 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Президент Кубогының иегері, дзюдо күресінен Қазақстанның 2 дүркін, белбеу күресінен еліміздің 3 дүркін чемпионы. Самбо, белбеу күрестерінен спорт шебері. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт саласының дамуына қосқан үлесі және 2022 жылы самбо күресінен халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері үшін «Үздік спортшы» номинациясымен марапатталған. Самбо күресінің майталманы.

«Ақылына көркі сай» демекші, бұл бойжеткеннің бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Тұла бойы тұнған өнер, ал спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз.

Маржанның күрестің аламанына түсіп, боз кілемде талай мықтыны жеңуінің бір себебі — ата-анасының тілеулестігі деп айтуға болады. Мақаланы жазудағы мақсатымыз — жас спортшыларға үлгі болсын деген ниет.

— Маржан кішкентай кезінен спортқа жақын өсті. Мен үйде теледидардан олимпиада көріп отырматынмын. Сол кезде кіп-кішкентай Маржан бірге қосылып көретін. Елден барған спортшылардың жеңілген сәтін көргенде «әке, неге біздің палуандар ұтыла береді?» деп намыстанғаннан жылап сыртқа шығып кететін. Мойнына өзі қолдан жасап алған садағын асынып, «елімнің намысын қорғайтын мықты спортшы боламын» дейтін. Қызым өте шымыр. Үйде бұзау, қой ауырып, орындарынан тұра алмай қалса, өзінің аухалына қарамастан иығына салып, қораға дейін көтеріп келетін. Көршілеріміз таңырқайтын. Қазір сол күш қуатының арқасында талай тартысты додаларда жеңіске жетіп жүр деп ойлаймын. Ол көптеген жарыстарда өзінің жақын араласып жүрген құрбыларымен боз кілемде қарсылас болып қалады. Жеңіп те, жеңілеп те қалатын кездері кездеседі. Сол кезде қатты уайымдаймын. Қыздардың арасындағы достығына кері әсер тиіп кетпеді ме деп ойлаймын. Мен ауылдағы мешітте азаншы болып жұмыс істеймін. Қызымның тілеуін тілеп, әрдайым Аллаға аманаттап отырамын. Шет елдерге шығарып саламыз. Ондай кезде әке жүрегі шыдау оңай емес. Қатты уайымнан не дұға айтарымды білмей көзіме жас алып қалатын кездерім болады. Мен де жас кезімде күреспен айналысқанмын. Қызымның спортқа бейімділігі ата-бабаның қанымен келген деп ойлаймын, — деді палуан қыздың әкесі Жантай Мұрат Бизақұлы.

— Маржан менің қолғанатым. Демалысқа шығып, келсе үйдегі барлық шаруадан мені босатып, «анашым, сіз демалыңыз, өзім істеймін» дейді. Оның сол сөзінің өзі мен үшін жеткілікті. Спорт саласы оңай емес. Бабын ұстап тұру өз алдына жұмыс. Жыл мезгілдеріне қарай жылқы ұқсатып баптаймын. Қымыз, боза ішкізіп, табиғатқа жиі серуендеп, салмақты бір қалыпты ұстау сияқты біршама жұмыстар бар. Әрине ана болған соң қызымның денсаулығына алаңдаймын. Мінезі өте ұяң. Ішкі сырын ешкімге айтпайды. Жарыстардан келгенде алынан шығып, күтіп алып, құрмет, қошемет көрсете бермейміз. Оның жарыстардан ылғи олжалы келгеніне үйреніп кеткендігі сол. Осы жолы Маржанның ағалары поездан күтіп алып, мерейін үстем еткен болатын. Осы сәтті пайдалана отырып, қайныларыма алғыс айтқым келеді: Жорабек Дәуренбек, Зиябеков Досбол, Еркебай Жолдас, Ахметов Бек-Абат, Жандарбек Бауыржан — қайныларыма алғысым шексіз. Солардың да үйлерінде осындай қуаныштар болсын деп тілеймін. Әрине, Маржан қыз бала, оның спорт жолын көп адам түсіне бермейді. Оны тұрмысқа беріп, қыз сияқты жүргенін қалайды. Бірақ Алланың қызына берген өнері осы болғандықтан, оның жүрек қалауы — спорт, — деді анасы Паржанова Гүлзира Әнуарбекқызы.

Намысты қыз бүгінде «Сұңқар» спорт кешенінде жаттығады. Сол жерде күнделікті жаттығу жасайды.

Жеңісті күндерің көп болсын, Маржан!

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin