• 23 февраля, 2026 8:25 пп

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯЛАР – ЕЛДІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ордабасы ауданында 1 қазан – Қарттар күніне арналған мерекелік шаралар айрықша құрметпен өтті. Соның бірі – Төрткүл ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған “Қазыналы қариялар” атты тағылымы мол іс-шара. Бұл мереке – ғасырлар бойы жинақталған ақыл-парасаттың, тектілік пен тәрбиенің иелері болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға деген шынайы алғыс пен ризашылықтың көрінісі.

Салтанатты шараның шымылдығы ұлттық өнермен түрілді. “Жас домбырашылар” ансамблі орындаған жүрекке жылы “Құлыншақ” күйі зал ішін әуен кернеп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Домбыраның қоңыр үні – ұлылықтың үні. Ол қарияларымыздың саналы ғұмырында көрген қуанышы мен қиыншылығын, өмірлік тәжірибесін елестеткендей болды.

Мерекенің ресми бөлімінде Төрткүл ауылдық округі әкімінің орынбасары Құдияров Нұрлан Алтынбекұлы сөз сөйлеп, жиналған қазыналы қарттарды мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде:

— Қариялар – елдің берекесі, ұрпаққа жөн сілтер ақылшысы. Сіздердің өмір жолдарыңыз – бүгінгі буынға үлгі, ертеңгіге өнеге. Құрмет пен тағзым – сіздерге деген борышымыз, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Шара соңы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарының өнеріне ұласты. Әуезді ән әуелеп, күмбірлеген күй шарықтап, мың бұралған бишілердің ұлттық өрнектері көрерменнің ықыласына бөленді. Әрбір өнер туындысы – қарияларға деген құрметтің, олардың мерейін үстем етудің көрінісі болды.

Бұл күн – ата-дәстүрді жалғаған, ұрпаққа үлгі көрсеткен, ел тарихының куәгері әрі жасаушысы болған қарияларымызға арнайы арналады. Олар – өмірдің талай өткелінен өтіп, кейінгі буынды тура жолға бағыттап келе жатқан абыз жандар. Қазақ халқы қарияны қашанда төрге оздырып, батасын алуды мәртебе санаған. Бүгінгі іс-шара да сол дәстүрдің жалғасы іспетті.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, елдің тұтқасы болған барша ақ жаулықты әжелеріміз бен қазына қарияларымызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жан тыныштығы мен қуаныш тілейміз!

Қашан да күліп жүріңіздер, абзал жандар! Елдің ертеңі – сіздердің баталарыңыз бен ақылдарыңыздың арқасында нұрлы болмақ.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin