• 14 декабря, 2025 7:30 пп

ORDABASY: АНА – МЕЙІРІМ МЕН МАХАББАТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Ордабасы ауданының  мәдениет үйінде “8 наурыз-Халықаралық әйелдер” мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

Көктемнің шуақты да мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев айтулы мерекемен құттықтады:

Қадірменді аналар, құрметті арулар!

Баршаңызды көгілдір көктемнің шуақты мерекесі 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – отбасы берекесі мен ұйытқысы болып табылатын біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн.

Ананы құрметтеп, қыз баласын төрге отырғызатын халқымызда «Ананың сүйген жері – отқа күймейді, оқ та тимейді» — дегендей қорғаушымыз, тілекшіміз ақ жаулықты апа-аналарымыз. Жылына бір тойланатын мерекеде барша әйел азаматшаларымыздың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету парызымыз.

Елімізде әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, қоғам өміріне белсене ат салысып, өңіріміздің гүлденуіне еселі еңбек сіңіріп жүргендердің арасынан да көптеп табылады.

Ордабасы ауданының халқының саны 130 000 ға жетсе, оның ішінде әйел азаматшалардың саны — 62 304, яғни аудан халқының 48 пайызын құрап отыр.

Аудан көлемінде әйелдер мен қыздардың қоғамдық шараларын ұйымдастыруға бағытталған қоғамдық ұйымдар «Әйелдер кеңесі», «Әжелер алқасы», «Іскер әйелдер қауымдастығы», «Қажы аналар қауымдастығы», аудандық ассамблея жанынан құрылған «Аналар кеңесі» және аудан әкімі жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі» комиссия жұмыс жасайды.

Елімізде демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің үлесінде.

Бүгінде «Батыр -Аналар» — 102, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ана-Даңқы» Ордені иегерлері — 231, «Алтын алқа» иегерлері – 1123, «Күміс алқа» иегерлері – 2853, Көп балалы аналар – 8199 құрап отыр.

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 40 пайызынан астамын нәзік жандылар басқарса, ауданымызда кәсіпкер әйел азаматшаларының саны – 11 580. Мемлекеттік қызметте – 43, құқық қорғау саласында — 17, денсаулық сақтау саласында — 1050, білім беру саласында – 3642, мәдениет саласында — 98 нәзік жандылар қызмет етіп келеді.

Жер — дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл — күй тілеймін.

Жылдан — жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

Салатанатты шарада аудан әкімі ауданымыздың гүлденуіне, дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қыз-келіншектер мен көпбалалы аналарға алғыс жариялап, сый-сияпат жасады. Ақ жаулықты аналарға гүл шоқтарын ұсынып, иықтарына ақ орамал жапты.

 

Аудан өнерпаздары ән айтып, би билеп, нәзікжандыларға керемет көңіл-күй сыйлады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin