• 15 декабря, 2025 11:49 пп

Отырар ауданында діни сауаттылықты арттыруға арналған семинар ұйымдастырылды

Автор:admin

Ноя 21, 2025

Қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни тұрақтылықты сақтау және халықтың діни сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі. Осы бағытта Отырар ауданында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, дін саласына жауапты мамандардың кәсіби құзыретін күшейтуге арналған арнайы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың бір көрінісі ретінде Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Діни сауаттылықты арттыру: Білім мен Келісім» атты семинар өткізілді. Семинар ауданның дін саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен имамдардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Шараның спикері ретінде Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Теология» факультетінің аға оқытушысы, магистр Касымбеков Жусипбек Айдарбекұлы шақырылып, қатысушыларға дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша мазмұнды дәрістер ұсынды. Спикер қазіргі қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтудың жолдары, дәстүрлі ислам құндылықтарын дұрыс түсіндіру, діни ақпаратты нақты әрі сауатты жеткізу әдістері жайлы кеңінен баяндады. Сонымен бірге имамдар мен мамандардың халықпен жұмыс барысында сақтауы тиіс негізгі қағидаларға тоқталып, тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті.

Семинар барысында аудан аумағында жүргізіліп жатқан діни түсіндіру жұмыстарының қазіргі жағдайы, олардың тиімділігін арттыру жолдары, түрлі жас және әлеуметтік топтармен байланыс орнату тәсілдері қарастырылды. Қатысушылар жастар, әйелдер қауымы, еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындарымен өткізілетін кездесулердің мазмұнын байыту, дұрыс діни түсінікті қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіру, олардың түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізуі үшін нақты ұсыныстар берілді.

Аудан аумағында дін саласына қатысты түсіндіру жұмыстарының кең көлемде жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Жергілікті мешіт имамдары мен ішкі саясат бөлімінің мамандары ауылдық округтерде тұрақты түрде кездесулер өткізіп, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп келеді. Діннің қоғамдағы орны, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау, бірлік пен келісімді нығайту мәселелері бойынша насихаттық жұмыстар күшейтілуде. Бұл іс-шаралар аудан халқының діни сауаттылығын арттыруға және жалпы діни ахуалдың тұрақтылығына оң ықпал етіп отыр.

Семинар соңында қатысушылар атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ұйым­дастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олар алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулердің жалғасуы дін саласындағы қызметтің сапасын арттыруға, түсіндіру жұмыстарының үйлесімділігін күшейтуге және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау­ға айтарлықтай әсер ететінін жеткізді.

Жалпы алғанда, өткізілген семинар Отырар ауданының дін саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бір парасы ретінде, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, діни түсіндіру жұмыстарының сапасын жақсартуға және рухани келісімді нығайтуға зор үлес қосты. Сонымен қатар семинарға қатысқан мамандар мұндай кездесулердің тек теориялық білім беріп қана қоймай, тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Алдағы уақытта осы бағыттағы іс-шараларды кеңейтіп, ауылдық жерлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарының әлеуетін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, радикалды идеологиялардың алдын алу және тұрғындардың діни мәдениетін күшейту жолындағы игі бастамалардың жалғасына айналары анық.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin