• 27 ноября, 2025 5:47 пп

Шымкентте жекеменшік клиникалар МӘМС жүйесінде белсенді

Автор:admin

Ноя 27, 2025

 

Шымкент қаласында МӘМС шеңберінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде қалада 177 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 34-і – мемлекеттік, 143-і – жекеменшік клиникалар. Яғни, медициналық қызмет көрсетуде жекеменшік сектордың үлесі айтарлықтай басым.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева бүгін жекеменшік медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына төлем жасау тәртібіндегі өзгерістер мен жоғары технологиялық қызметтердің кеңейтілген тізбесі туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, халықты МӘМС жүйесіне қамту мәселесіне тоқталды.

Жиында атап көрсетілгендей, енді жыл бойы медициналық көмекке жүгінбеген азаматтар үшін төлем 80 пайыз көлемінде, ал сақтандырылмаған, бірақ тұрғылықты емханасына тіркелген тұрғындар үшін 90 пайыз көлемінде есептеледі. Бұл өзгеріс қаржыны тиімді бөлу тетігін күшейтуді көздейді.
МӘМС туралы заңға енгізілген жаңашылдықтар онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін де арттырады. Онкоскринингтер тегін көрсетілетін ТМККК тізіміне енгізіліп, азаматтардың сақтандырылғанына қарамастан барлығына қолжетімді болды. Бұған қоса, туберкулез бен АИТВ-дан бөлек, созылмалы вирусты гепатиттер, бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, миокард инфаркті мен инсульт күдігі кезінде консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады.Кездесу барысында Қор филиалының директоры Сәуле Сансызбайқызы тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар мен қызмет сапасын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, медициналық ұйым басшыларына бұл бағыттағы жауапкершілікті күшейту қажеттігін баса айтты.

Айтуынша, барлық енгізіліп жатқан өзгерістер медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, қала тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент

Автор: admin