• 16 декабря, 2025 9:19 дп

КЕЗДЕСУ БӨГЕН ЖӘНЕ ЖЕҢІС АУЫЛДАРЫНДА ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Кездесуде Ордабасы ауданы  әкімі Оралбаев Азат  Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының ел дамуындағы маңызын атап өтті. Бұл жүйе билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін сақтап, әр деңгейдегі мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді. Аудан көлемінде де осы ұстаным басшылыққа алынып, тұрғындар көтерген мәселелердің ашық, нақты және кезең-кезеңімен шешілуі басты міндет екені айтылды.

Ордабасы ауданының  әкімі Азат  Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есеп беру жиындары бүгін Бөген  және Жеңіс ауыл округтерінде өтті.

Аталған ауыл округтеріндегі жиындарда аудан басшысы өткен  кездесулердегідей ең алдымен ауданның қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайына жан-жақты тоқталып өтіп,  келесі ретте кездесу өтіп отырған Бөген  және Жеңіс ауыл округтеріндегі хал-ахуалды кеңінен саралады.

Бүгінгі күнде ауыл округтеріне қарасты ауылдардағы көптеген мәселелер  шешімін тауып, қалғаны нақты жоспарланған. Ауылдардағы ауыз су тұрғысындағы кемшін тұстар қалпына келтірілуде. Жаңа су мұнарасы орнатылып, су жүйесіндегі ескі жабдықтар жаңартылуда. Табиғи газ жеткізілген. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары қалыпты жағдайда қызмет етуде. Бірқатары жаңа салынған. Спорт кешендері жөндеуден өткен. Мәдениет үйін жөндеуге қаржы қаралып, жаңа әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Негізгі көшелер жарықтандырылып, ойын алаңшалары орнатылып, асфальт төселіп, аяқжолдар жасалған. Бұл ауылдардағы ғаламтор мәселесі, әлі де ойын алаңшаларын орнату қажеттілігі бар екені аудан басшысының назарында. Келесі қадамдар осы мәселелерді шешуге бағытталмақ.  Шаруашылық саласында каналдарды күрделі жөндеу, механикалық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ендігі мақсат тиісті қаржы құрылымы арқылы қалдық су дренаждарын жүйеге келтіру бағытында нақты шаралар жүргізу.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары жедел жәрдем, мал тоғытатын арнайы орын, тарихи орындарды абаттандыру жөніндегі көкейдегі сұрақтарын жеткізді.

Аудан басшысы бұл мәселелерді шешу жолындағы өз жоспары, мен ұсынысын ортаға салып, тұщымды жауабын айтты.

Жиын соңында Аудан әкімі барша жұртшылықты ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға, игі істерді жұмыла, бірлесе атқаруға  шақырды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin