• 27 ноября, 2025 8:33 дп

ҚАРАҚҰМДАҒЫ БІР ОТБАСЫ

Автор:admin

Ноя 27, 2025

Еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлік — күнделікті тыныс-тіршілігіміздің ең берік тірегі. Тұрақтылық пен татулықты бағалау, әділдік пен ынтымақты ұлықтау, сенім мен жауаптылықты үлгі ету – әрбір азаматтың парызы. Бұл құндылықтарды өмірімен дәлелдеп отырған қарапайым отбасы біздің арамызда көп. Солардың бірі – Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылында тіршілік кешіп жатқан Валдь Станислав Ришардович пен жары Лилия Шәмілқызының отбасы.

Қарапайым еңбек адамдарының өмір жолы – көпке үлгі. Басқа ұлттың өкілі бола тұра, қазақы ортада өсіп, қазақ халқымен біте-қайнасқан бұл отбасының бүгінгі өмірі бірліктің шынайы көрінісі десек артық айтпаймыз.

Көшеде өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегенін көргенде бүгінде ешкім таңғалмайды. Қарапайым көрініс сияқты. Алайда мұның артында үлкен мәдени ықпалдастық, құрмет, тілге деген шынайы сүйіспеншілік жатыр. Солардың бірі – Валдь Станислав пен Лилия Шәмілқызының отбасы.

Отағасы Станислав Ришардович – орыс ұлтының өкілі, көршілес Бөген ауылында дүниеге келген.

Зайыбы Лилия Шәмілқызы – қарақұмдық татар қызы.

Екеуі де жасөспірім шағында «Қарақұм» орта мектебінің орыс сыныбында білім алған.

Сол кездері ауыл шаруашылығында онға жуық ұлт өкілі тату-тәтті еңбек ететін. Орыс, неміс, татар, күрді, кәріс — бәрі ортақ нанды бірге бөлісіп жеген дәуір. Уақыт өзгеріп, ел егемендік алғаннан кейін көпшілігі тарихи отандарына қоныс аударды. Орыс сыныптары да біртіндеп жабылды.

Мектеп бітіргендеріне екі жылдай өткенде екеуі көңіл жарастырып, отбасы құрды. Арнайы мамандықтары болмаса да, жастық шақтарын дала төсіндегі бау-бақша күтіміне арнап, табан ет, маңдай терімен күн көрді.

Отбасында өмірге келген ұл-қыздарын олар қазақы ортада тәрбиелеп, ұлттық дәстүрге құрметпен өсірді.

Дмитрий (1999 ж.) – тұңғыштары. Денсаулығында кінәрат болғандықтан, алысқа ұзай алмады. Мектеп ұстаздары үйге келіп, оған білім беріп отырды.

Юрий – ағасынан 4 жас кіші. Орта мектепті қазақ сыныбында оқып бітірді. Сынып жетекшісі Аманбаева Салтанат оның білімді, еңбекқор екенін айтып, болашақта білікті маман боларына сенім білдірген. Қазір Отан алдындағы борышын өтеп жүр.

Владимир (2007 ж.) – қазақ тіліндегі 8-сыныптың үздік оқушысы. Ұстазы Қойшыбайұлы Арманнан өнегелі тәрбие алуда.

София – кенже қыздары, 4 жаста. Бала-бақшаның қазақ тобында тәрбиеленуде.

Олардың барлығы – қазақ сыныбының оқушылары, қазақ тілінде ойлайтын, қазақша сөйлейтін, қазақ қоғамының толыққанды мүшелері. Өйткені олар Қазақ елінде дүниеге келді, қазақ жерінің ауасымен тыныстап, қазақтың мейірімін көріп өсіп келеді.

Бұл отбасы көпшілік секілді қарапайым тіршілік кешіп жатыр. Бірақ олардың өмір сүру дағдысы – үлгі.

Ерлі-зайыптылар бала-шаға қамы үшін тыным таппай еңбек етеді. «Еңбек етем деген жанға жұмыс табылады» деген қағиданы ұстанады. Қазіргі қоғамда масылдыққа орын жоқ екенін жақсы түсінеді.

Көршілері – Асылзат, Айдана, Бекзаттармен үнемі араласып, қуаныш пен қайғыда бір-бірінің жанына үнемі демеу болып келеді. Бір ауылдың ғана емес, бір ұлттың өкіліндей тату-тәтті өмір сүріп жатқан қарапайым адамдар.

Станислав пен Лилия – ұлт пен ұлысқа бөлінбей, ортақ қоғамда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың нақты мысалы.

Осылайша қарапайым отбасы айналасына сыйлы болып, көптің бірі емес – көпке үлгі болып отыр.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin