• 14 декабря, 2025 10:54 пп

ТАТУЛЫҚҚА ТҮЙІСЕР ЖОЛ: ОРДАБАСЫДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТЫ НЫҒАЙТҚАН ҮЛКЕН БАЙҚАУ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Ордабасы ауданында бірлік пен тұрақтылықты, әділдік пен ынтымақты, сенім мен жауаптылықты дәріптеуге бағытталған игі шаралар дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Осындай құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен ұлттық ойын түрлерінен «Достық лигасы» спорттық сайысы және «Ордабасы – татулық пен тұрақтылық мекені» этнобайқауы өтті.

Шараның басты мақсаты – аудан аумағында ұлтаралық татулықты нығайту, этносаралық келісімді сақтау және әр ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген құрметті арттыру. Байқауға білім беру, денсаулық сақтау, спорт мекемелерінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарынан құрылған командалар қатысып, өзара өнер мен шеберлікте, ұлттық салттағы көріністерде және спорттық додада бақ сынасты.

Бекітілген ереже бойынша қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетіп, олардың мән-маңызын насихаттады. Сонымен бірге ұлттық тағамдардың жасалу жолын таныстырып, оның символдық және тұрмыстық маңызын түсіндірді. Бұл өз кезегінде әр этностың қазақ халқының мәдени мұрасымен жақын танысып, оның қадір-қасиетін тереңірек сезінуіне мүмкіндік берді. Ұлттық ойындардан өткізілген спорттық сайыстар да шараның ажырамас бөлігі болып, достық пен бірлікті одан әрі нығайта түсті.

Жалпы ұпай нәтижесінде «Ынтымақ» және «Толағай» командалары үздік ойын үлгісін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталса, белсенділік танытқан барлық командаларға алғыс хаттар тапсырылды. Бұл — Ордабасыдағы тұрақты түрде қалыптасқан бірлік пен ынтымақтың, этносаралық достықтың нақты көрінісі.

Ордабасы ауданы — тарихы терең, тағылымы мол мекен. Мұнда ғасырлар бойы әртүрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Дәл осы үйлесімділік бүгінгі игі істердің негізіне айналып, қоғамдық келісімнің үлгісін көрсетуде. «Достық лигасы» мен «Ордабасы – татулық пен тұрақтылық мекені» этнобайқауы — осы құндылықтарды насихаттайтын, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды бастама.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin