• 25 ноября, 2025 9:25 пп

№10 Балаларға қауіпсіз орта құру – басты борышымыз

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Бүгінгі жас буынның тағылымды тәрбиесі мен салауатты денсаулығы үшін жасалатын әрбір қадам – ел болашағына салынған берік негіз саналады. Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау, оларды қылмыстық, физикалық және психологиялық қауіптен сақтау мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Бұл  бағытта құқық қорғау органдарының атқарып жатқан жұмысы да айтарлықтай қарқын алып, профилактикалық шаралар жоспарлы түрде жүзеге асуда.

Осы мақсатта Кентау қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына Кентау ҚПБ ҚҚБ ЮПТ УПИ полиция лейтенанты Н. Асылбек арнайы келіп, «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын өткізді. Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін ерте анықтау және оның алдын алу, сондай-ақ балаларға қауіпсіз орта құрудың маңызын түсіндіруге бағытталды.

Полиция лейтенанты оқушыларға құқықтық нормалар туралы, олардың заңмен қорғалатын негізгі құқықтары мен міндеттері жөнінде нақты, жан-жақты ақпараттар берді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, интернет алаяқтық, қорқыту, психологиялық қысым секілді қазіргі қоғамда жиі кездесетін қауіптердің салдарын түсіндіріп, мұндай жағдайға тап болғанда кімге және қалай жүгіну керектігін егжей-тегжейлі баяндады. Сонымен қатар полицей оқушылардың сұрақтарын мұқият тыңдап, күнделікті қызметінде кездесетін нақты мысалдарды келтірді. Осылайша құқық бұзушылықты ерте алдын алудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Кездесу барысында мектеп ұжымы, оқушылар және полиция қызметкерлері бірлесе отырып, ұрып-соғуға, қорқытуға, балаға қысым көрсетудің кез келген түріне, әсіресе буллингке мүлдем жол бермеу жөнінде ортақ келісім қабылдады. Бұл келісім мектептің ішкі мәдениетін нығайтуға, өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен бірге оқушыларға қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде қолданудың маңыздылығы түсіндіріліп, өзара құрмет пен сенімге негізделген орта қалыптастыру қажеттігі тағы да атап өтілді.

Бұдан бөлек, полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты күнделікті жұмыстарымен бөлісті: рейдтік шаралар, түнгі уақытта жасөспірімдердің бақылаусыз жүруін алдын алу, әлеуметтік желілердегі тәуекелді ақпаратты анықтау, отбасы және мектеппен тұрақты байланыс орнату сияқты міндеттердің маңызы ерекше атап өтілді.

Әрбір оқушының қауіпсіз, мейірімді және қолдаушы ортада өсіп-өркендеуіне үлес қосу –  баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта полиция, мектеп және ата-ананың бірлесуімен қолданған әрбір шарасы балалар болашағына қаланған берік іргетас. «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында өткен аталмыш кездесу жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін нығайтты және қауіпсіз қоғам құру жолындағы жауапкершілікті күшейтті. Бала қауіпсіздігі – үздіксіз қолдауды, ынтымақтастықты және шынайы жанашырлықты қажет ететін маңызды бағыт, ал әрбір игі іс олардың бақытты болашағына жол ашады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin