• 14 декабря, 2025 7:28 пп

«Жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау қажет»

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Бүгінгі таңда қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер үшін құқықтық білім – жеке тұлғаның қалыптасуы, жауапкершілікті сезіну және дұрыс шешім қабылдау дағдыларының негізі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, өз өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға және заңды құрметтеуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Шаш төбе» жалпы білім беретін мектебінде Кентау қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция қызметі инспекторы Парманов Нұрдаулет Серікұлы «Заң және тәртіп» тақырыбында кең көлемді жиналыс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың қауіпсіздігін сақтау дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге бағытталды.

Жиынға мектеп директоры Улуғбек Шерикбайұлы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Умида Ахмаджанқызы, Шерзод Насируллаұлы, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ 8–11 сынып оқушылары қатысты. Осы ретте, оқушылармен тікелей байланыс орнату, нақты мысалдар арқылы құқықтық білімді жеткізу, олардың сұрақтарына жауап беру мүмкіндігі ерекше құнды болды.

Кездесу барысында жасөспірімдердің кешкі және түнгі уақытта көшеде жүру ережелері, буллинг пен кибербуллингтің зияны және қорғану тәсілдері, лудомания (ойынға тәуелділік) және оның қауіпті салдары, вандализм мен қоғам мүлкіне ұқыптылықпен қарау мәдениеті және интернет пен әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік қағидалары сияқты өзекті тақырыптар жан-жақты талқыланды. Полиция инспекторы Нұрдаулет Серікұлы оқушыларға нақты өмірлік мысалдар келтіре отырып, әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі, өз іс-әрекетін бағалай білу маңыздылығы жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, құқықтық түсіндіру барысында балалар мен жасөспірімдерге өздерін қауіпті жағдайлардан қорғау тәсілдері, интернеттегі жеке ақпараттың қауіпсіздігі, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениеті туралы кеңестер берілді.

Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың қоғамдағы жауапкершілігін күшейтеді және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырады. Балаларды заңға құрметпен қарауға, қоғамдық тәртіпке бағынуға, өз әрекеттерінің салдарын түсінуге үйрету – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың құқықтық санасы артып, олар өздерін және қоғамды қорғау жолдарын біледі, жауапты және саналы азамат ретінде қалыптасады. Құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің бірлескен жұмысы оқушыларды өмірде дұрыс таңдау жасауға, заңды сыйлауға және қауіпсіздік ережелерін ұстану қағидаларын қалыптастыруға бағыттайды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin