• 14 декабря, 2025 7:28 пп

Буллинг пен лудоманияның алдын алу – құқықтық тәрбиенің басты бағыты

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Бүгінде қоғамда жасөспірімдерге қатысты буллинг, құмар ойындарға тәуелділік, түрлі тәртіп бұзушылық сияқты әлеуметтік мәселелер мейлінше өршіп, өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған орай, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың ой-өрісін кеңейтіп, заңға деген құрметін арттыру – мектеп пен құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы мақсатта Кентау қаласындағы «Үркер» мектебі ЖШС-де 8–11-сынып оқушыларына арналып «Жасөспірімдер арасындағы буллинг, лудомания және құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға Кентау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция инспекторы, полиция капитаны Парманов Нұрдаулет Серңкұлы мен мектеп директоры Абдалиев Дастан Мураджанұлы қатысты. Кездесу еркін пікір алмасу түрінде өтіп, оқушылар өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Спикерлер жастарға өзекті тақырыптар бойынша нақты мысалдар келтіре отырып, буллинг пен оның психологиялық, әлеуметтік салдары жайында түсіндірді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен ойындарға тәуелділік — лудоманияның зиянды әсері мен оның жеке тұлғаның дамуындағы кері ықпалы туралы да кеңінен сөз қозғалды.

Полиция капитаны Парманов Нұрдаулет Серікұлы жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың түрлері мен оның заң алдындағы жауапкершілігі жайлы түсінік беріп, әрбір азаматтың өз ісіне жауапты болуы керектігін атап өтті. Ол сондай-ақ, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдану, пайдалы дағдыларды дамыту қажеттігін ерекше атап өтіп, бұл құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Мектеп директоры Абдалиев Дастан Мураджанұлы болса, оқушыларға білімнің, тәрбиенің және тәртіптің қоғамдағы маңызын түсіндіріп, өзара құрмет пен достық қатынастың мәнін ашып көрсетті. Ол ұжым ішінде бір-бірін қолдау, буллингке жол бермеу — шынайы азаматтық ұстаным екенін жеткізді.

Кездесу соңында оқушылар белсенділік танытып, өздерін мазалаған сауалдарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Іс-шара олардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, адамгершілік құндылықтарды бағалауға үйретті. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың бойында заңға деген құрметті, өзіне сенімділік пен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Осылайша, «Үркер» мектебі ЖШС-де өткен бұл кездесу жасөспірімдерге оң ықпал етіп, олардың тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Шара барысында полицейлердің алдын алу жұмыстары, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудегі кәсіби шеберлігі айқын көрініп, олардың қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті нығайтудағы еңбегінің маңыздылығы ерекше байқалды. Мұндай жүйелі профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің саналы азамат болып қалыптасуына, оларды өз болашағына немқұрайлы қарамауға жол ашады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin