• 14 декабря, 2025 7:28 пп

ОРДАБАСЫ: ШАЛҒАЙ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Ордабасы ауданы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өз маңдай терімен табыс тауып отырған азаматтарымен әрдайым мақтана алады. Сол еңбекқор жандардың бірі – Дихан ауылының тұрғыны, мал шаруашылығын кәсіп еткен Ділмұханбет Сәгидіков. Ол шалғай елді мекендегі қорасында кәсібін дөңгелетіп, ауыл экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Алты жыл бұрын бастаған ісін біртіндеп жетілдіріп, бүгінде тұрақты табыс көзін қалыптастырған азаматтың шаруа қожалығы жыл сайын кеңейіп келеді. Қазіргі таңда оның қорасында 45 бас өгіз бар. Ділмұханбет үшін бұл – жай ғана мал емес, еңбектің, табандылықтың және жауапкершіліктің нәтижесі.

Шаруашылық иесінің айтуынша, мал өсіру көп күш пен уақытты талап ететін сала. Әсіресе шалғай елді мекенде орналасқан қорада жұмыс істеу оңай емес. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында да ол төрт түлікке тиісті күтім жасап, жем-шөбін алдын ала даярлап отырады. Жергілікті шөп қоры мен табиғи азықты тиімді пайдаланып, малдың сапалы өнім беруіне ерекше көңіл бөледі.

– «Мал шаруашылығы – ерінбеген адамға әрдайым берекесін беретін кәсіп. Тәжірибе жинақтаған сайын жұмыстың да үйлесімі табылады. Бастысы — адал еңбек пен табандылық», – дейді Ділмұханбет Сәгидіков.

Үнемі үйреніп, ізденіп жүретін еңбекқор азамат малдың тұқымын асылдандыру, жем-шөп сапасын жақсарту бағытында да жұмыс жасап келеді. Шаруашылықта қолданылатын құрал-жабдықтар мен қора жағдайын жақсартып, мал ұстауға қолайлы орта қалыптастыруға күш салуда.

Дихан ауылындағы тұрғындар оны еңбекқорлығы мен жинақылығы үшін үлгі етеді. Шаруаның тұрақты жұмысы ауылда мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан жастарға да мотивация болып отыр.

Ордабасы ауданының шалғайындағы шаруашылықты дамыту – тек жеке отбасының ғана табысы емес, тұтас ауылдың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына қосылған үлес. Ділмұханбет Сәгидіковтің еңбегі — соның айғағы.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin