Сайрам ауданының Ақсу ауылында ашылған 600 орындық №55 жалпы білім беретін мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, бүгінде біліммен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше мән беруде. Жаңа форматтағы мектепте үйірме жұмыстары кең көлемде жандандырылып, балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасалған.
Мектеп қабырғасында домбыра, футбол, волейбол, баскетбол, бокс, қолөнер, хореография секілді түрлі бағыттағы үйірмелер тегін жүргізіліп, оған бүгінде 300-ге жуық оқушы тұрақты түрде қатысуда. Арнайы жабдықталған музыкалық және шығармашылық кабинеттер, кең спорт залы және сыртқы спорт алаңдары оқушылардың қызығушылығын арттырып, әр баланың бойындағы қабілеті мен мүмкіндігін ерте анықтауға мүмкіндік беруде. Бастауыш сынып оқушылары үшін жеке ойын және спорт залдарының болуы да тәрбиелік әрі дамытушылық жұмыстың сапасын күшейтіп отыр.
Сонымен қатар мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың дамуына бағытталған арнайы оқу бөлмелері, ойын алаңдары, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді. Бұл инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашып, барлық балаға тең мүмкіндік беруді мақсат етеді.
Жаңа мектептің ашылуы аудандағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығын да шешуге оң әсерін тигізді. Бұрын үш ауысымға көшу қаупі бар 250 орындық №68 С.Датұлы атындағы мектептен 260 оқушы ауысып келіп, сынып жүктемесі айтарлықтай төмендеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы сапалы білім берудің жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған. №55 мектеп – осы реформаның нақты нәтижесі. Мұнда білім беру ғана емес, оқушылардың жан-жақты дамуы, шығармашылық әлеуеті мен жеке мүмкіндіктерін ашуға барлық жағдай жасалған.
