• 24 ноября, 2025 6:21 дп

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА “ЗАҢ МЕН ТӘРТІП” ҚАҒИДАСЫ АЯСЫНДА ЖАСТАРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАЛАРҒА ҚАРСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 20, 2025

Бүгінде табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті, өз-өзіне қол салады. Ал оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, қаржы пирамидаларының жұмысын әртараптандырып алған. Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Телекоммуникация құралдарының дамуымен олардың саны да артуда. Қазір қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса, заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендері де жетерлік. Қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселердің де атын жамылуы мүмкін. Олар спорттық жарыста бәске ақша тігіп, жылдам баюдың жолын ұсынады. Алайда ресми букмекерлік кеңселердің міндетті түрде лицензиясы болады және қызметі Қазақстан заңымен реттеледі. Ал алаяқтық ұйымдардың лицензиясы жоқ. Мұндай пирамидалар көбіне мессенджер арқылы жалған чек жібереді. Сондай-ақ қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар түрлі «серіктестік бағдарлама» ұсынуы мүмкін. Мысалы, сіз жарысқа бәс тігетін адам іздеп тапсаңыз, сол үшін қосымша ақша аласыз. Яғни өзіңізбен бірге неғұрлым көп адам ертіп әкелсеңіз, табысыңыз да соғұрлым көп болады. Бұған қоса, алаяқтар онлайн ойындар арқылы да жұртты алдайды. «Котел», «Черная касса» мұның айқын мысалы. Азаматтарға топқа қосылып, тұрақты түрде жарна төлеп, қысқа мерзім ішінде жоғары кіріс табуды ұсынады. Бұл ретте өзіңмен бірге басқа адамдарды кіргізудің қажеті жоқ. Жарна ұйымдастырушылардың картасына түседі. Олар оны шешіп алады немесе басқа банкке аударады. Кейін қаржы пирамидасын құрғандар ізін жасырады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Шымкент қаласының Орталық Азия Инновациялық университетінде “Заң мен тәртіп” қағидасы аясында студенттермен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – жастар арасында құқықтық қаржылық сауаттылықты арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрметпен қарауға бағыттау. Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Мақсат Шайманұлы Көшербаев, Тұран аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының полиция капитаны Серікболсын Құрманбеков, Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Шыңғысхан Кенжебекұлы Мошқалов және “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысының орынбасары Аружан Русланқызы Әлжан қатысты. Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру секілді тақырыптар қозғалды.  Спикерлер студенттерге заң нормалары, құқықтық жауапкершілік туралы нақты мысалдар келтіріп, жастардың сауалдарына жауап берді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin