• 24 ноября, 2025 6:21 дп

“ЖАСТАРДАН ЖАСТАРҒА АҚПАРАТТЫҚ КЕРУЕН” ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАЛАРҒА ҚАРСЫ ИМУНИТЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАҒЫТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Бүгінгі таңда қара халықтың қалтасын қағып, қоғамды сарсаңға салып қойған қаржы пирамидалары туралы аз жазылып жатқан жоқ. Жұрттың әлеуметтік ахуалының тұрақсыздығы қаржылық пирамидалар арқылы лезде байып кету идеясын күшейтіп жібергенін де жоққа шығара алмайсыз. Осындай сәтте бұқараның қаржы пирамидаларының қармағына түсірмеу, қаржылық тұрғыда халықтың сауатын ашу, тым құрығанда пирамида алаяқтарының арбау тәсілдерін сараптап, оқырманды ақпараттандыру ісі баспасөз атаулының міндеті болуы керек. Қаржы пирамидалары дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда бұқараның қалтасындағы ақшаны жоғары пайда табу уәдесімен алдап алу жүйесі. Мұндай алаяқ ұйымдар өздерін көбіне инвестициялық компания ретінде таныстырады. Бірақ олар салымшылардың ақшасын ешқандай да инвестициялық жобаларға немесе бағалы қағаздарға салмайды. Бүгінгі таңда осындай қаржылық пирамидалар қаншама қарапайым адамдарды торына түсіріп, қаншама отбасын ойрандап жатқаны баршаға аян. Сондықтан да, Қазақстан билігі, яғни үкімет пен құзырлы органдар елдегі заңсыз қаржылық ұйымдармен күресу үшін қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Қаржы пирамидасын бір ғана адам басқара ала ма? Бұл жүйені құрушылардың сыбайластары, агенттері, орындаушылары жазадан сытылып кетпей ме?  «Қаржы пирамидалары туралы» заңда бұл сұрақтардың бәріне лайықты баға берілген. Қаржылық пирамида сыбайластарының қылмысы дәлелденсе үш жылдан жеті жылға  дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал, қылмыстық топтың басты адамдарының қылмыстық әрекеті жәбірленуші тарапқа iрi мөлшерде зиян келтiрiлсе, мүлкi тәркіленіп, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырған. Бұрынғы он жылдық жаза мерзімі жаңа заңда екі жылға ұзарған.  Міне осы бағытта «Заң мен тәртіп» қағидатын есепке ала отырып Шымкент қаласындағы Болашақ колледжінде жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнаш Серікқызы Сұрашова, Отбасы банкінің қаржы кеңесшісі Әлия Ералыевна Ізбасарова және Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің Әл-Фараби ауданы бойынша мансап орталығының басшысы Нұрбол Мұратұлы Шымкентбаев қатысты. Кездесу барысында жастарға  мемлекеттік бағдарламалар және қаржылық сауаттылық тақырыптары бойынша ақпарат беріліп, пайдалы кеңестер ұсынылды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin