• 24 ноября, 2025 8:29 дп

Медиа өңірлік қауіпсіздіктің маңызды құралына айналды

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында өңірлік қауіпсіздік пен медианың рөлі ерекше қарастырылды. Германиядағы Түрік медиасы ассоциациясының маманы Аднан Өзтүрктің айтуынша, медиа тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, халықтар арасындағы сенім мен түсіністі қалыптастыратын күш болып табылады, кейде ол керісінше шиеленісті күшейте де алады.

Сарапшы медианы «жүректер арасындағы көпір» деп сипаттап, соңғы жылдардағы тәжірибелерді мысалға келтірді. Кавказ аймағындағы 2020 жылғы қақтығыстар кезінде әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат этностар арасындағы қорқыныш пен өшпенділікті арттырған. Алайда, кейбір медиа ресурстары тексерілген ақпарат пен прагматикалық көзқарасты ұсына отырып, жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқан.

Аднан Өзтүрктің айтуынша, Таяу Шығыстағы диалогтық жобалар да осыны дәлелдейді. Бір телеарна жас буынды ортақ студияға жинап, ашық пікір алмасу ұйымдастырған. Жастар бір-біріне қарсы тарап өкілдері ретінде емес, ортақ аймақтың балалары ретінде сөйлескен. Бұл миллиондаған көрерменнің санасындағы көптеген стереотиптерді бұзуға мүмкіндік берген. Сондықтан сарапшылар медианың жауапкершілігіне назар аудартады. Хабар тілінің ыңғайы, кадр таңдауы, тақырып қою барлығы қоғамдағы ахуалға тікелей әсер етеді. «Медиа қорқынышты емес, эмпатия мен түсіністі күшейтуі керек. Нағыз қауіпсіздік ананың көз жасын, баланың қорқынышын, жастың үмітін шынайы көрсету арқылы қалыптасады. Шынайы журналист тек дерек жазатын адам емес, адамды қорғаушы. Ал шынайы медиа – қорқыныстың емес, адамзаттың жағында тұратын медиа», деді сарапшы.

Автор: admin