• 24 ноября, 2025 9:16 дп

«Заң мен Тәртіп»: Шымкентте ерекше фотокөрмесі өтті

Автор:admin

Окт 1, 2025

Мемлекет басшысы, кейінгі жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатқанын әр кез айтып отырады. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Президент атап көрсеткен маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық­пен күрес және әйелдер мен бала­лар­ды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, инс­титуционалдық тұрғы­дан батыл қадамдар жасалып жатыр. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында полицейлердің күнделікті қызметі мен жанқиярлық еңбегіне арналған «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде құқық қорғаушылардың күнделікті көшелерді патрульдеуінен бастап, барынша зейін мен батылдықты, кәсібилікті талап ететін сәттеріне дейінгі жұмысын шынайы бейнелейтін жарқын әрі әсерлі фотосуреттер қойылды. Әрбір сурет полицейлердің қиын да абыройлы еңбегі туралы баяндайтын тірі құжат іспетті. Іс-шараның ерекше атмосферасын Ұлттық ұлан оркестрінің өнері толықтыра түсті. Фотокөрмені жүздеген адам, оның ішінде ересектер мен балалар да тамашалады. Қонақтардың қатарында арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Бұл олар үшін жауапкершілік пен қоғамға қызмет етудің көрнекі әрі шабыттандыратын үлгісі болды. Жастар фотоэкспозициямен танысып, сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын күзету жолындағы еңбегімен жақынырақ таныстық. Мұндағы суреттерден олардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы көрінеді. Әр адам көрмеден өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі алатын мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіреулерге – шабыт беретін оқиға, – деп бөлісті келушілердің бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру мен полицейдің бейнесін Заң мен Тәртіптің қорғаушысы ретінде қалыптастыру.

 

Автор: admin