Қазақстан азаматтары қай этностың, қайсы конфессияның өкілі болғанына қарамастан, заң алдында бірдей жауапкершілікке ие, әрі теңқұқылы. Әрбір азамат өзінің заң алдындағы міндеттерін бұлжытпай орындауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған заң және тәртіп қағидаты тек жекелеген азаматтардың құқығын қорғауға ғана емес, көпэтносты Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігін сақтауға да мүмкіндік береді.
Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласында өткен “Бірлік марафонында” Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев осылай деді.
Мұндай іс-шараның ел халқын бірлікке ұйыстырудағы маңызы ерекше. Мәселен бүгінгі марафон да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған. Ел көлемінде бір мезгілде өткізілген бұл кең көлемді дене шынықтыру акциясы барлық аймақтағы халықты ортақ мүдде төңірегінде біріктірді.
Қалалық марафон Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта ұйымдастырылып, таңғы алтыдан бастап мыңдаған тұрғынды жинады.
Іс-шараға Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары, зейнеткерлер, мектеп оқушылары, студенттер, спортшылар, жас аналар мен кішкентай бүлдіршіндер де қатысты. 1500-ден астам адам таңғы сағат 7-де тіркеліп, орталық саябақтар мен арнайы белгіленген көшелер бойымен бірге жүгірді.
Бұл көрініс – қала тұрғындарының салауатты өмір салтына деген қызығушылығының артқанын айғақтайды.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, соңғы жылдары қала тұрғындары арасында спортқа деген ықыластың артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қалада жаңа веложолдар мен жаяу жүгіруге арналған жолақтар ашылып, тұрғындарға күнделікті спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, күн сайын таңғы 6-дан 9-ға дейін қаланың түрлі саябағында тегін жаттығу сабақтары өткізіледі. Бұл бастамаларға жүздеген тұрғындар тұрақты түрде қатысып келеді.
Шара барысында сөз алған басқарма басқарма басшысы марафонның тек спорттық емес, ел бірлігін, ынтымағын дәріптейтін айрықша мәні бар іс-шара екенін атап өтті.
Бүгінгі «Бірлік марафоны” – Қазақстан халқының ынтымағы мен татулығын дәріптейтін ерекше іс-шара. Біз мұндай марафондарды тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір Шымкент қаласында жыл сайын екі рет марафон және екі веломарафон ұйымдастырылады. Болашақта бұқаралық спорттық шараларды ай сайын өткізу көзделіп отыр», — деді ол.
Оның айтуынша, жыл сайын күз мезгілінде өтетін Шымкент марафоны – қаланың ең ірі спорттық шараларының бірі. Оған 5 мыңнан астам әуесқой және кәсіби жүгірушілер қатысады, соның ішінде шетелден келетін спортшылар да бар. Қала әкімдігі бұл марафонды халықаралық деңгейге шығару бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.