Аққұлов Жолшыбек Шыназбекұлы – еңбек ардагері, зейнеткер, Кентау қаласының Құрметті азаматы. Тау-кен өнеркәсібі саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, өндірістің дамуына сүбелі үлес қосқан білікті маман. Туған қала-сының өркендеуі мен қаладағы өнеркәсіп саласының ілгерілеуіне еңбек сі-ңірген. Бүгінде қоғамдық өмірге белсене араласып, қаланың рухани-мәдени тынысына барынша атсалысып жүр. Сонымен қатар, Кентау қаласының өркендеуіне серпін беретін инвестиция тарту ісінде де бастамашылдық танытты.
Есімі «Егемен елдің 100 қайраткері» кітабына енген. «Еңбек ардагері» медалінің, «Қалаға сіңген еңбегі үшін», «Кентау қаласының жанашыры», «Мәслихаттың 30 жылдығы» төсбелгілерінің иегері.
Жастардың баспанамен қамтылуына үлес қосты
Кеңес өкіметінің шешімімен 1955 жылы өндірістік мақсатта Кентау қаласы құрылған соң, көп ұзамай Кентауда өндіріс орындарына мамандар дайындау мақсатында орта оқу орны – Кентау тау-кен металлургиялық техникумы ашылды. Жолшыбек Аққұлов осы оқу орнында төрт жыл білім алып, техник-электрик мамандығын меңгеріп шығады. Одан кейін екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Кентау қаласындағы «Алтын-кенқазған» тресінде жер асты электр слесары болып еңбекке араласады. Кейін-нен кәсіби білімін одан әрі жетілдіру үшін Ресейдің Ленинград қаласындағы тау-кен институтында оқып, инженер-механик маманы атанады да, «Алтынкенқазған» тресінің Шалқия кенішінде жер асты құрылыс-монтаж учаскесінің шебері қызметіне кіріседі. Ары қарайғы еңбек жолы Кентау трансформатор зауытында жалғасады. Ал 1986 жылдан бастап «Ащысайтүстіметалл» («Ачполиметалл») комбинатында техникалық қауіпсіздік бөлімінің аға инженері болып қызмет ете бастайды.
Мұнда да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына өзіндік үлес қосты. Атап айтар болсақ, кеңестік кезеңде республика көлемінде өндірісте жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту мақсатында «Жастар тұрғын үй кешені» («Молодёжно жилищный комплекс») деп аталатын арнайы бағдарламаның Кентау қаласында орындалуының басы-қасында жүрді.
Бұдан соң Қазақстан Компартиясының «Тұрғын үй-91» мемлекеттік бағдарламасына да атсалысады. Ол мекемеде үш жылдай еңбек етеді. Кейіннен комбинаттың техникалық жабдықтандыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысып, онда 1996 жылға дейін қызмет атқарады. Осылайша «Ащысайтүстіметалл» комбинаты Кентауда «Тұрғын үй-91» бағдарламасын толықтай орындап шығып, республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді.
«Кентаудан кеткім келмейді…»
Алайда 1996 жылы елде экономикалық дағдарыс белең алып, жұмыссыздық мәселесі ушыға түсті. Кентаудағы өндіріс орындары жабылып, тұрғындардың күнкөрісі қиындай бастады. Қаладағы еңбекке жарамды азаматтардың дені нә-пақа табудың қамымен жан-жаққа кете бастады. Солардың қатарында Жолшыбек Аққұлов та бар еді. Ол отбасымен бірге Алматы қаласына қоныс аударуға бел байлайды. Онда әртүрлі мекемелерде жұмыс істей жүріп, еңбектің қарапайым жолынан өтті.
1998 жылы «Қазатомпром» ұлттық компаниясы «Ащысайтүстіметалл» ком-бинатының бұрынғы білікті кадрларын тәжірибелі маман ретінде жұмысқа шақыра бастайды. Жолшыбек Аққұлов та ұмыт қалған жоқ. Ол мұнда да өзінің өн-дірістегі бай тәжірибесін іске асырып, кәсіпорында өз ісінің нағыз шебері екенін көрсете білді.
– Өзіме міндеттелген жұмысты межелеген соң түлеп өскен өлкеме қайта оралдым. Жақындарым Шымкентте қалғанымды қалап еді, бірақ көнбедім. Есіл-дертім Кентау болды да тұрды. Қала өзіне тартып тұратын. Құдай берген екі қызымның біреуі Астанада, біреуі Алматыда тұрады. «Әке, бізге жақын болыңыз, Астанаға немесе Алматыға келіңіз», – деп еді, оларды да тыңдамадым. Солай Кентауыма қайта келдім. Мен үшін Кентау – жердің жәннаты. Бұл жақтан еш-қайда кеткім келмейді. Себебі қала тыныш, ауасы таза. Осында келген туыста-рым да соны айтып кетеді. Кентаудың адамдары да мүлде басқа. Ұйымшыл, қонақжай, еңбекқор.
Бүгінде Жолшыбек Аққұлов – «Ащысайтүстіметалл» комбинатының Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Оның бастамасымен және тікелей атсалысуымен қалада бірқатар маңызды істер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Кеншілер саябағындағы кезінде комбинаттың дамуына үлес қосқан атаулы тұлғалардың ескерткіштері қайта жаңартылды. Сонымен қатар, олардың есімдерін қала көшелеріне беру жөніндегі ұсыныстар да қарастырылуда. Қала әкімдігінің қолдауымен С.Мәуленқұлов көшесінің бойында орналасқан алаңқайға эскиздік жоба әзірленіп, жаңа гүлзар салынды. Мерекелерде комбинат ардагерлерін құттықтау, марапаттау жұмыстары да ұйымдастырылып тұрады. Осының бәрі Жолшыбек Аққұловтың ел игілігі жолындағы елеулі еңбегін тағы бір мәрте айқындай түсетіндей.
«Балалардың болашағы ойландырады…»
Жолшыбек Аққұлов тау-кен өндірісін жандандыру мақсатында Кентауға инвестор тарту бағытында да белсенділік танытып келеді. Мұндағы мақсаты – туған қаласының экономикалық дамуына, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына үлес қосу екенін айтады.
– Кентауда «Аңсай» деген барит кен орны болған. Бұл ең бай кен орындарының бірі. Шымкентте жүргенімде кәсіпкер азаматтарға осы жайлы ұсыныс тастағанмын. «Аңсайда» кен өндіру жұмыстарын қайта қолға алсаңдар, халыққа да жұмыс болар еді, сендер де табыс көрер едіңдер», – дегенімде олар келіп, көріп кеткен. Әзірге тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Аталмыш жоба арғы жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Жоба жүзеге асса 400-500 адамға дейін тұрақты жұмыс орны ашылады деген үміт бар. Бұл жастарға жаңа мүмкіндік, қалаға жаңа серпін берер еді, – дейді ол зор сеніммен.
Байқағанымыздай, Жолшыбек Аққұловтың түлеп өскен өңірге деген шынайы махаббаты ешқашан түгесілген емес. Тіпті, қаланың даму жолында қызмет ету оның өмірлік миссиясына айналғандай. Бойындағы терең патриотизм оны туған жердің болашағы үшін үздіксіз еңбек етуге итермелейді. Ол мұндай сезімнің бір адамның емес, әр адамның жүрегінде мәңгілік жалындап тұруы тиіс екенін айтады.
Jsk ақпараттық агенттігі


