«Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн», — деп айтқан болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Шымкент қаласының әрбір әскери қызметшісі осы саладағы әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігін ұмытпауы тиіс. Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желілерде азаматтарды әскери қызметке шақыру кезіндегі проблемалық мәселелер белсенді талқылануда. Елімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және конституциялық міндеті болып табылатыны (Конституцияның 36-бабы) белгілі. Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақыруын жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы жергілікті жерде ойдағыдай жүзеге асырылуда. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады (Заңның 31-бабы). Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы). Әскери міндетті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады. Осы орайда Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлері қала аумағындағы төрт ауданда түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жастарға Отан алдындағы борышын өтеуден жалтармау қажетті, ол үшін арнайы жаза бар екендігі, сондай ақ әскерде қызмет етудің де өзіндік артықшылықтары бар екендігі жете түсіндірілуде. Яғни, әскери қызмет атқарғандардың дені жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз қабылданатындығын да тілге тиек етті. Сондай-ақ мамандар әскери қызметтен жалтару Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, онда 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделгенін айтып өтті. Баяндалғанды ескере отырып, азаматтарды саналы болуға, ал жұртшылықты жүргізіліп жатқан шақыру науқанына түсіністікпен қарауға шақырып отыр.
Jsk ақпараттық орталығы