• 14 декабря, 2025 7:35 пп

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН РЕФОРМАЛАР АЯСЫНДА АУДАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Ел Президенті жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы елдің әр өңірінде нақты іске асуда. Бұл бастама халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділдік пен аймақтардың тең дамуына жол ашуға бағытталған. Ауданымызда да осы мақсаттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, инфрақұрылым, білім, спорт және мәдениет салаларында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Осы реформалардың нәтижесінде құрылыс саласы жаңа қарқын алып, елді мекендердің келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасуда. Әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы — өңірдің дамуына құйылған инвестиция әрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың маңызды тетігі.

Нысандарды аралау барысында көтерілген мәселелер мен алдағы жоспарлар осы реформалардың өміршеңдігін дәлелдейді. Жергілікті билік пен мәслихат депутаттарының бірлесе атқарған жұмыстары халық мүддесі үшін жасалып жатқан игілікті істерге нақты серпін беруде.

Ордабасы  ауданы әкімі Азат Оралбаев облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбішпен бірге аудандағы бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Бірінші болып балуан бабамыз, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы зиратының іргесінен аудан тұрғындары мен спортсүйер қауымның ұсыныс-тілектері негізінде бой көтеріп жатқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени спорт кешеніне барды. Онда қонақүй және спорт ғимаратында жасалып жатқан ішкі әрлеу және кешен аумағындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Онан соң күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Найман су арнасына ат ізін салды. Бұл нысанда қазіргі таңда жобаға сәйкес каналдың 15,1 шақырымы бетондалып, су беру маусымына дейін қалған 2,7 шақырымды бетондау жұмыстары аяқталуы жоспарланған.

Келесі кезекте Темірлан елді мекеніндегі Темірлан мектебінде салынып жатқан жабық қаңқалы спорт алаңшасына барды. Бұл жерде қазіргі уақытта спорт алаңшасының брезенттік тенті дайындалып, айналасында жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары басталуда.

Сонымен қатар аудан орталығының кіре берісінде құрылысы жүріп жатқан спорт алаңына да табан тіреді.

Нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарына жауапты аудан әкімінің орынбасары, тиісті бөлім басшылары және құрылыс жүргізуші мердігерлермен бірге жұмыстардың атқарылған бөлігі мен алдағы жоспарлар талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin