Қазақ даласы әрдайым заң мен тәртіпті, әділдікті биік қойған халықтың отаны болды. Бабалардан қалған сол дәстүр, сол тәртіп бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қасым ханның қасқа жолынан бастап, Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» дейінгі дәуірлерде құқықтық мәдениет пен мемлекеттіліктің негізі қалыптасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кеңейтілген алқа мәжілісіндегі сөзінде бұл құндылықты ел санасына тереңірек сіңіру керегін ерекше атап өтті.
«Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған.
Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі», – деген президенттің сөзі бүгінгі жастарға арналған жаңа бастамалардың да айқын басшысы болды.
Бәйдібек ауданында өткен форум дәл осы үнге жауап ретінде ұйымдастырылған еді. «Заң мен тәртіп: Қоғам вейпке қарсы – жастардың таңдауы салауатты өмір» атты іс-шара жастар мен қоғам өкілдерін зиянды әдеттерден қорғау, құқықтық мәдениетті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді. Бұл форум облыс көлемінде алғаш рет Бәйдібек ауданынан бастау алып, жастардың құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыс ретінде ерекшеленді.
Вейп пен электронды темекі – бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында кеңінен таралған жаңа қауіп. Бір қарағанда қауіпсіз ойыншыққа ұқсас көрінгенімен, оның құрамындағы никотин мен химиялық заттар жас ағзасына зиян келтіріп, психологиялық тәуелділікті туғызады. Сонымен қатар, «дроп» схемалары интернет арқылы жасөспірімдерді жеңіл жолмен табысқа итермелеп, олардың құқықтық жауапкершілігіне тікелей әсер етеді. Осы мәселелерді талқылау үшін форумға облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, жастар ұйымдары мен зиялы қауым өкілдері шақырылды.
Форумның ашылуында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов сөз сөйлеп, жастардың болашағына қауіп төндіретін зиянды әдеттермен күрес қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. «Жастар – біздің ертеңіміз. Олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі», – деді ол. Әкімнің бұл сөзі шараның рухын айқындап, қатысушыларға маңызды міндет жүктеді.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев вейп өнімдерінің заңсыз сатылымы мен таралуына қатысты нақты деректерді ұсынды. Оның айтуынша, жасөспірімдерді азғыру мен заңсыз сауда орындары көбейіп, бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуді қажет етеді. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш мемлекеттік қаржының ашықтығы мен заңды сақтау мәселесін қозғап, тәртіп пен адалдықты жастар санасына сіңірудің маңызын ерекше атап өтті.
Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Гүлзия Қарсыбай жастарға вейп пен «дроп» ұғымдарының зияны мен құқықтық жауапкершілігін түсіндірді. Оның сөзін тыңдаған қатысушылардың бетінде ойлы, бірақ абыржу аралас сезім байқалды. Көптеген жастар бұл қауіптің кең ауқымын білмегені анық көрінді. Мамандардың нақты мысалдары мен статистикалық деректері жас буынның ойлауын тереңдете түсті.
Форум аясында «Вейпсіз — аудан» атты акция да бастау алды. Бұл бастама мектептерді, колледждерді, спорт және мәдени орталықтарды қамтып, жастар арасында вейпке қарсы қоғамдық көзқарас қалыптастыруға бағытталған. Акция облыс көлемінде қолдау тауып, жүйелі түрде жүргізілетін профилактикалық шаралардың бірі ретінде қарастырылмақ.
Шараға қатысқан Белбеу күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Өмірзақ Таңшолпан спорт арқылы табысқа жету жолы мен төзімділіктің мәнін айтып, жастарға үлгі көрсетті. Ал аудандық билер алқасының төрағасы Тұрсынәлі Дүйсенбеков қазақтың дәстүрлі тәрбие қағидалары мен адамгершілікке негізделген құндылықтарын жеткізді, жауапкершіліктің, ар-намыстың маңызын жас буынға түсіндірді.
Форумда жастар мамандармен ашық сұхбат жүргізіп, көкейдегі сауалдарын қойды. Бұл – шараның ең маңызды бөлігі. Себебі жастардың ойы тыңдалған жерде ғана нақты нәтижелі жұмыс басталады. Сонымен қатар, әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, жас өнерпаздардың музыкалық қойылымдары ұйымдастырылды. Бұл элементтер форумның көркемдік, мәдени реңкін арттырып, тақырыптың мәнін тиімді жеткізді.
Бәйдібекте өткен бұл форум – қоғамның маңызды мәселені бірлесе көтеруінің нақты дәлелі. Іс-шара заңға деген құрметті, тәртіпке бағынуды, зиянды әдеттерге қарсы мәдениетті насихаттауды көздейді. Заң мен тәртіпке құрмет – қоғамның мәдениеті, салауатты өмір салты – ұлттың күші, ал жастардың амандығы – еліміздің болашағы. Бұл бастама елдің түкпір-түкпіріне тарай отырып, жауапкершілік пен сенімнің даусына айналуы тиіс.
Jsk ақпараттық агенттігі
