• 3 марта, 2026 5:54 пп

Ұлттық сана мен патриоттық тәрбиеге бағытталған экспедиция Сайрамда жалғасты

Автор:admin

Ноя 26, 2025

Қазақ халқы үшін ауыл – ұлттың тамыры, рухтың тірегі, елдіктің бастауы. Тарихтың сан алуан кезеңінде ауыл тіршілігі халықтың бірлігін сақтап, ұрпақ санасына отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды сіңіретін алтын бесікке айналды. Бүгінде ел болашағын айқындауда ауылдың орны бұрынғыдан да маңызды, бұл ерекшелік әсіресе Сайрам ауданында айқын көрініс табады. Сайрам ауданы – бай тарихи мұра мен мәдени дәстүрдің орталығы, елдік сана мен ұлттық бірліктің айнасы.

Мұнда ауылдар халықтың рухани өмірінің негізгі тірегі болып, жастарға патриоттық тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналған. Осы орайда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының Президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы Сайрам ауданына арнайы келіп, білім саласының өкілдерімен кездесті.

Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Хамраев, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері С.Мирзаев пен Д.Марифханова, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әр мектептің ата-аналар комитетінің төраға мен төрайымдары қатысты.

Аталған «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясының Сайрам ауданына келуі өңірдің рухани және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам болды. Экспедиция арқылы ауыл тұрғындарымен ашық диалог ұйымдастырылып, ұлттық сана мен заманауи көзқарасты үйлестіру мәселелері талқыланды.

Бұл шараның басты мақсаты – елдің болашағы үшін ауылдан басталатын патриоттық тәрбие мен ұлттық идеологияны халыққа жеткізу.

Экспедиция «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен жүзеге асырылып, ауылдың қазіргі жағдайын зерделеуге, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында көтерілген жаңа идеологиялық ұстанымдарды халыққа түсіндіруге бағытталды. Экспедиция мүшелерін аудан әкімі Мадияр Оразалиев қабылдап, Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалары, жастарға арналған бағдарламалары мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстар жөнінде таныстырды.

Белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде ауыл – ұлттық құндылықтың діңгегі, қоғамның рухани тірегі екенін атап өтіп, жаңа идеологияны ауылдан бастау қажеттігін ерекше айтты. Оның пікірінше, ауылдың тағдырын елеусіз қалдыру – ұлт болашағын назардан тыс қалдырумен тең. Жастарға патриоттық тәрбиені ауылдан бастау, ұлттық сана мен мәдени құндылықты бойына сіңіру – ұрпақтың елге адалдығын қалыптастырудың тиімді жолы.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қатысты. Мәжіліс залында өткен жүздесу барысында жаңа идеологиялық бағыттар кеңінен талқыланды. Халықпен ашық диалог орнату, пікір алуандығын құрметтеу, ұлттық құндылық пен заманауи даму бағытын үйлестіру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, тұрғындар рухани құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, білім мен мәдениетке назар аудару, ауыл жастарының интеллектуалды әлеуетін арттыру сияқты маңызды мәселелерді ортаға салды. Бұл пікірлер Сайрам халқының ел болашағына бей-жай қарамай, қоғам дамуына белсенді қатысып отырғанын көрсетті.

Экспедицияның Сайрамдағы кезеңі ауылдың әлеуметтік және рухани мәнін толық ашып, ұлттық сана мен патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шаралардың маңыздылығын көрсетті. Елдің болашағы – ауылдан басталатынын нақты көрсеткен бұл шара тұрғындардың бірлігін нығайтып, жастардың бойына отансүйгіштік сезімін дарытты. Жергілікті халыққа арналған ашық талқылаулар, рухани құндылықтарды сақтау жөніндегі ұсыныстар және жастарды патриоттық іс-шараларға тарту болашақ ұрпаққа сапалы тәрбие берудің негізін қалады.

Сайрамда өткен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы – ауыл мен елдің тағдырын байланыстыра отырып, ұлттық рухты жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама болды. Шара қоғамдағы жаңғыруға, ауылдағы рухани өмірді көтеруге және ел болашағын саналы ұрпақ арқылы қамтамасыз етуге арналған нақты қадам екенін дәлелдеді. Экспедицияның тәжірибесі тұрғындар мен жастарды біріктіріп, ауылдан басталатын патриоттық тәрбиенің маңызды бағытын айқындады, әрі ұлттық сана мен рухани даму жолында игі үлгі ретінде есте қалатын шараға айналды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin