• 15 декабря, 2025 3:49 дп

Ұлттық мұраны жаңғыртқан ұлағатты жан

Автор:admin

Ноя 15, 2025

Кимешек – біздің ұлтымыздың ізеттілік пен инабаттылыққа негізделген тәрбиесінің, аналық мәртебе мен үлкенге деген құрметтің белгісі саналатын құндылықтарының бірі. Бүгінде бұл ұлттық киімді тігіп, көпшілікке дәріптеуді қолға алған жандар да жетерлік. Сондай қолөнер шеберлерінің бірі, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғыны Таңсық Бөрібекова бүгінде ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды қайта жандандырып, ұлттық рухты оятуға үлкен үлесін қосып келеді. Еңбек жолын математика пәнінің мұғалімі болып бастаған ол зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып отырмады. Ұстаздық жолын киелі мұрамыздың бірі – кимешек тігетін кәсіппен ұштастырды. Осылайша ата-бабамыздан жеткен ұлттық өнердің қадір-қасиетін өскелең ұрпаққа ұғындырып, өткен мен бүгінді сабақтастыруды мақсат етті.

 

Ұстаздық жолды кимешек тігумен ұштастырды

Асыл қазынамызды жаңғырту жолында он бес жылдан бері кимешек тігумен айналысатын Таңсық Кенжеқызы 1951 жылы 11 қарашада Шіркін ауылында дүниеге келген. Жұмыс жолын өзі бітірген Орджоникидзе мектебінен бастады. 1973 жылдан бастап Алғабас ауданы, «Алғабас» совхозындағы Ғани Мұратбаев, 1978 жылы аудан орталығы Шаяндағы «Ленин», 1979 жылдан бастап «Боралдай» совхозындағы Заречная мектебінде жұмыс істеді.

1997 жылы зейнеткерлікке шықса да, зейнет жасындағы кезеңін мазмұнды да мәнді өткізу үшін титімдейінде әжесінен үйренген тігіншілік өнерін қайта қолға алды. Бос уақытын тиімді пайдаланып, тігіншілік ісін жетілдіре түсті. Ол кимешек, сәукеле, бөрік, тақия тәрізді ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, тек отбасына ғана емес, айналасындағы жандарға да пайдасын тигізе алды.

«Әйелдерге нымша, кимешек тігіп жүргеніме он бес жылға жуықтады. Жалпы мен кимешектердің көпшілігін ұсақ түрлі тастармен көмкеріп тігемін. Әсіресе, кимешек тігуге арналған жібек матаның бетіне майда моншақтарды орналастыру ұзақ уақытты алады. Көздің нұрын алатын мехнаты мол жұмыс қой», – дейді қолөнерші.

 

Ұрпағымызды ұлттық болмыста тәрбиелеу – басты борышымыз»

«Кейінгі кездері кимешек тігу ісін кеңінен қолға алып келемін. Мұндағы бар мақсатым – ұрпағымды ұлттық болмыста тәрбиелеуге, олардың бойына патриоттық тәрбие мен елге деген сүйіспеншілікті сіңіруге, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттауға теңізге тамған тамшыдай болсын үлесімді қоссам деймін. Себебі болашағымыздың баянды болуы – ұлттық тәрбиенің беріктігіне, ал ұрпақтарымыздың елжанды азамат болып өсуі – біздің отбасында берген тәлім-тәрбиемізге тікелей байланысты», – дейді ол.

 

Патриот деп кімді айтамыз?

Нағыз патриот болу – тек елін сүюмен шектелмейді, ол – адал болу, білімге ұмтылу, еліне пайдасын тигізу үшін тынымсыз еңбек етуді көздейді. Мен бұл сөздерді тек ұстаз ретінде ғана емес, аналық жүрегіммен сезініп айтамын. Өйткені әрбір ата-ана баласының елге пайдасы тиетін, ар-ұятты биік қоятын, әділ де адал азамат болып өскенін қалайды. Сондықтан патриоттық тәрбие – бұл тек мектеп қабырғасында ғана емес, әрбір отбасында, әрбір баланың, ата-ананың жүрегінде басталатын қасиетті тәрбие. Бала жүрегіне елге, жерге деген махаббатты, жауапкершілікті сіңіре білу – бұл әр ұстаз бен әр ата-ананың ортақ міндеті. Осындай бірлік пен өзара қолдаудың арқасында ғана біз елін сүйетін, халқы үшін жан аямай еңбек ететін ұрпақ тәрбиелей аламыз», – деп тебіренді ол.

Табиғатынан тірліктерінің тындырымдылығы сырт көзге бірден танылып тұратын Таңсық Кенжеқызы өз қатарластарының да қоғам өмірінен қалыс қалмай, белсенді атсалысуын мақсат тұтты. Қазақтың ұлттық құндылықтарын, бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу, немерелеріне өнеге көрсету, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттап, тәрбиелік мәні бар іс-шараларға атсалысу ниетімен белсенді әжелерден тұратын «Көркем әжелер» тобын құрды. Кейіннен салт-дәстүрге байланысты фильмге түсе бастайды. Астанада өткен әлемдік деңгейдегі іс-шараларға шақыртылып, тіпті ЭКСПО-да бір апта бағдарламаға сай өнер көрсетеді.

 

Марапаттармен өрілген өмір жолы

Ұлттық қолөнерімізді ұлықтап, оны жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп жүрген Таңсық Кенжеқызы 2014 жылы «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» облыстық фестивалінде I орын алады. Ал 2016 жылы «Қымызмұрындық» Халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалінде арнайы дипломмен, 2024 жылы Қырғызстан еліндегі «Yssyk-Kul fest – 2024» III еларалық достық конкурс-фестивалінде II орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Ал 2025 жылы «Сыбаға fest» ұлттық дәстүрлер мен тағамдардың облыстық байқауына Сайрам ауданы атынан қатысып, бас жүлдені иемденеді. Бұдан бөлек, Қазақстанның педагогикалық академиясы ғылыми қауымдастығының мүшесі ретінде педагогикалық саналы игілікті істері және «Ақ кимешек» халық мұрасы мен ұлттық киім үлгілерінің дамуындағы озық идеялары үшін Таңсық Бөрібековаға профессор атағы берілді. Бұл марапаттар мен жетістіктер Таңсық Кенжеқызының ұлттық қолөнерді, дәстүрлі мәдениетті насихаттаудағы өлшеусіз үлесін, сондай-ақ халық мұрасын ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы адал еңбегін айқын көрсетеді.

 

Қарасудағы қастерлі әулет

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – әр отбасының басты мұраты. Осы бір қасиетті ұғымды өмірлік ұстаным еткен, саналы ғұмырларын еңбек пен тәрбиеге арнаған Нұрсейіт Нұралыұлы мен пен Таңсық Кенжеқызы – бүгінде ұрпағының ортасында шапағатты шаңырақтың иелері ретінде үлкен құрметке ие. Алып бәйтеректей жайқалып, ұрпағының қызығына бөленіп отырған бұл өнегелі отбасы Қарасу ауылындағы сыйлы, құрметті әулеттердің бірі саналады.

Олардың шаңырағынан түлеп ұшқан бір ұл мен екі қыз – ата-ананың үмітін ақтап, жоғары білім алып, әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, өрістерін кеңейткен.

Өмір жолын адал еңбекпен, қолөнерге деген шынайы сүйіспеншілікпен өрнектеген, ұрпағына өнеге, ел-жұртына мақтаныш болған Таңсық Кенжеқызы – ұлттық мұраның аманатшысы, отбасылық құндылықтың тірегі. Қолөнерге сіңірген ерен еңбегі, ұстаздық жолдағы тағылымы мен көпшілікке жасаған қызметі – жас буынға бағдар, кейінгіге үлгі боларлық жарқын бейне. Түп-тамырын ұмытпай, салт-дәстүр мен рухани байлықты дәріптеп келе жатқан осындай жандар барда ұлттық өнердің де, елдің де болашағы нұрлы болмақ.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin