• 15 декабря, 2025 10:58 пп

Құқықтық қауіпсіздік – жасөспірімдер мен қоғамның ортақ жауапкершілігі

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Қазіргі таңда қоғамдағы цифрландыру үдерісі қарқынды дамып, интернет кеңістігі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл жағдай жасөспірімдерге білім мен ақпаратқа қолжетімділік сыйлағанымен, түрлі қауіп-қатерлердің де таралуына жол ашуда. Әсіресе интернет-алаяқтық пен есірткі бизнесінің жасырын тәсілдермен белең алуы бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің бірлескен алдын алу шаралары айрықша маңызды орын алады.

Осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М.Қашғари атындағы мектеп-лицейінде оқушылармен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Кентау қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Азамат Сарсенкулов, жергілікті полиция қызметкерлері және мектеп директоры Артур Асаев қатысты. Кездесудің негізгі көздеген мақсаты – оқушылар арасында интернет-алаяқтықтың түрлерін, оның залалы мен алдын алу жолдарын түсіндіру, сондай-ақ есірткі бизнесінің жасөспірімдерге тигізетін қауіптілігін ұғындыру болды.

Полиция қызметкерлері соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын кибер-қылмыстардың көбейгенін атап өтіп, алаяқтардың жиі қолданатын әдістері туралы нақты мысалдар келтірді. Оқушыларға бөтен сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді бермеу, күмәнді хабарламаларға сенбеу сияқты қарапайым, бірақ өте маңызды қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар есірткіні онлайн жарнамалау, жеткізу және тартып алу тәсілдерінің жасырын жүргізілетінін, оған еріксіз немесе білмей қатысудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Кездесу барысында жасөспірімдер мен ата-аналардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап полицияға хабарлау мәдениетін қалыптастырудың маңызы айтылды. Мектеп директоры Артур Асаев мұндай шаралардың оқушылардың құқықтық ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың өзін және жақындарын қорғау қабілетін нығайтатынын атап өтті.

Жиын соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне көкейлеріндегі өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды. Кездесу жасөспірімдер мен құқық қорғау қызметкерлері арасындағы сенімді күшейтіп, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бірлесе атсалысу маңызды екенін ұғындырды.

 

Интернет-кеңістіктегі алаяқтық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі саналады. Сондықтан мұндай түсіндірме шаралары жасөспірімдерді дұрыс шешім қабылдауға, қауіптен аулақ болуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Ал полиция қызметкерлері мен білім беру мекемелерінің бір-бірімен берік байланыс орнатуы қауіп-қатерден қорғалған әрі сауатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екені анық. Бұл бірлесе атқарылған жұмыстар жастардың өмірлік ұстанымдарын нығайтып, олардың қауіп-қатерге төтеп бере алатын жауапкершілігі мол  азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin