• 04.09.2026 18:33

ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Автор:jsk.kz

Сен 4, 2026

 

Шымкентте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жедел қызметтердің мүмкіндігін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, халыққа жедел көмек көрсетуге арналған жаңа нысандар кезең-кезеңімен іске қосылуда.

«Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыхожаев мәслихат депутаттары Талғат Балтабаев және Исламбек Тулебаевпен бірге Төтенше жағдайлар департаментінде болып, мекеменің техникалық базасымен және атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Департаменттің жұмысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Оның негізгі міндеттеріне авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру және тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру кіреді.

Қазіргі таңда департаментте 968 қызметкер еңбек етеді. Қала аумағында тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін 15 бөлімше жұмыс істейді.

Соңғы жылдары құтқару қызметінің материалдық-техникалық мүмкіндігін күшейтуге басымдық беріліп келеді. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен 2025 жылы 45 жаңа арнайы техника, 470 өрт сөндірушіге арналған арнайы киім, 200 тыныс алу аппараты және басқа да заманауи авариялық-құтқару жабдықтары сатып алынған.

Тұрғындарға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында қала аумағында 101, 102 және 103 жедел қызметтері орналасатын арнайы кешендер де салынып жатыр. 2025 жылы Таскен, Сәуле және Елтай шағынаудандарында үш нысан пайдалануға берілсе, биыл Бозарық шағынауданында тағы бір жедел қызметтер кешені іске қосылған. Жаңаталапта да осындай нысан салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Тұран шағынауданында жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде. Алдағы кезеңде қаланың шалғай орналасқан бірқатар шағынаудандарында жедел қызметтер кешендерін салу көзделген.

Бұл нысандардың барлығының ортақ мақсаты – төтенше жағдай кезінде оқиға орнына жету уақытын қысқарту, жедел көмектің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Кездесу барысында Мұрат Жолдыхожаев құтқарушылардың күнделікті қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

«Төтенше жағдай кезінде уақыттың әр минуты маңызды. Сондықтан құтқарушылардың кәсіби дайындығымен қатар, олардың заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі де аса маңызды. Қала аумағында жаңа бөлімшелер мен жедел қызметтер кешендерінің ашылуы тұрғындарға көмекті тезірек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Кездесу соңында Мұрат Жолдыхожаев кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, азаматтық қорғау саласын дамытуға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және оның салдарын жоюға, сондай-ақ қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген бірқатар сала маманын Алғыс хатпен марапаттады.

Автор: jsk.kz