• 6 мая, 2024 5:13 дп

Қаржылық сауаттылық: қаржы нарығын реттеу

Автор:admin

Апр 19, 2024

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 3/1-і отбасылық кіріс пен шығысын тексеріп, жүйелі есеп жүргізбейді. Қажет кезінде оңды-солды несие алып, қарызданып, төлейтін уақыты туғанда шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетерлік. Тіпті, тұтынушылық несие алу бойынша біздің ел рекордтық көрсеткішке жеткен. Дамыған елдерде несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі адамның жеке табысының 20%-ынан аспайды екен. Бұл шынымен халықтың қажеттілігінен туындап отыр ма? Ол жайлы экономист Ғани Сырымұлы: «Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң үлкен үстемелерге қарамай, құдды тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі табысының 20 процентінен аспайды. Сондықтан біздің халық та осыны үйренуі керек. Қазақстандықтар несиені рәсімдеу үшін табысына қарамай, өтірік табыс көрсеткішін келтіріп жатады. Қарызды алу бөлек, оның қайтарымы бар. Ол үшін ең алдымен қаржыны жоспарлы түрде жұмсауды үйренген жөн. Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп жүріңіз немесе арнайы кітапша арнап, соған жазып отырғаныңыз дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілігіңізді байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, ақша тиыннан құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңіз де байқамай қаласыз», – дейді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық пирамидалар белгілерінің тізімін бекітті, оған жосықсыз мінез-құлық практикасының 39 өлшемшарты кіреді. Қаржылық алаяқтық және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы аталған агенттік жанынан құрылды. Оның құрамына ҚР Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері кіреді. Яғни алаяқтық әрекет туралы ақпарат келіп, ол дәлелденгеннен кейін қылмыстық іс қозғалады. Нәтижесінде адамдардың ақшасын заңсыз алатын компанияның веб-сайты бұғатталады.

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin