• 14 мая, 2025 1:36 пп

ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Автор:admin

Май 14, 2025

 

Қаратау ауданы — Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, халық саны тез өсіп жатыр. Себебі, қала халқының тығыз орналасқан аудандарының бірі — осы Қаратау ауданы. Ауданның аумағы — 19 500 гектар, халық саны — 223 мыңнан астам. Аудан аумағында 18 елді мекен. Көшелер саны – 896, жеке тұрғын үйлер саны – 29 762, көп қабатты үйлер саны – 626.
Ауданда жоспарға сәйкес бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде ауданның инфрақұрылым, коммуналдық-шаруашылық саласында да жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Жалпы ауданда биыл да инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, жарықтандыру мен жолдарды жөндеу бағытындағы жұмыстарды атқаруға басымдық берілетін болады.
Нақтырағы, инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстары бойынша ауыз сумен қамту көрсеткіші 99%. Қазіргі уақытта «Сайрам», «Бозарық» аумақтарында абоненттеу жұмыстары жүруде. Электр жарығымен қамту көрсеткіші де 100%. «Бозарық» саяжайы мен «Сайрам» тұрғын алабының жаңақұрылыс аумақтары электр жарығымен қамтуды қажет ететін болатын. Бүгінде «Бозарық» саяжайының жаңақұрылыс аумағына электр жарығының құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда, аталған аумақта абоненттеу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстардың аяқталуына орай, қамту көрсеткіші 100% құрайтын болады.
Ал, табиғи газбен қамту көрсеткіші 98%. Алдағы уақытта қамтуды қажет ететін елді мекендер — Тассай т/а, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе, Мирас елді мекендерінің жаңақұрылыс аумақтары.
Қаратау ауданында жол құрылысын дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған. Жалпы, аудан аумағында жалпы ұзындығы – 670,2 шақырымды құрайтын – 896 көше бар. Оның 486 шақырымы асфальт, 184 шақырымы шағалтас көшелер құрайды.
Биылғы жылы аудан аумағында жалпы 60 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Cонымен бірге, «Сайрам» тұрғын алабында 4,5 шақырым аяқ жол салынатын болады. Мұнымен қоса, 16 орынға арық салу жұмыстары да жүргізіледі.
Аудан аумағындағы аулаларды абаттандыру жұмыстары да жүйелі жолға қойылған.
Бүгінде 626 көп қабатты үй 210 аулаға біріктірілген. 210 ауланың барлығы абаттандырылған. Биыл ауданда 1 спорт алаңшасы мен 10 аула жаңартылады. Ал, жеке секторда 2 спорт алаңшасы мен 23 балалар ойын алаңы салынады.
2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100% абаттандыру жоспарлануда. Сондай-ақ, аудан аумағындағы орталық көшелердегі көп қабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіріп, жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында тұрғын үй басқармасына 52 көпқабатты үйдің қасбетін реттеу және әрлеу үшін ұсыныс жолданды.
Аудан аумағындағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қарқын алған. Аудан аумағында жалпы 896 көше бар. Оның 545 көшесі жарықтандырылған. 2024 жылы дейін аудан аумағындағы 320 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылса, биыл 351 көшені жарықтандыру жоспарланған. Бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша жарықтандырумен қамту көрсеткіші 100% құрайтын болады.
Сонымен бірге аудан аумағын көріктендіріп, тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау да назардан тыс қалмаған. Бүгінде ауданда 2 саябақ, 23 гүлзар бар. Биылғы жылы 11 гүлзар салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілетін болады.
Алдағы уақытта да аудан аумағында мегаполис талаптарына сай ауқымды жұмыстар жоғары деңгейде атқарылатын болады.

Автор: admin