• 14 декабря, 2025 12:09 пп

ҚАРАБУРА ӘУЛИЕ: РУХАНИ ІЗІ ҚАЛҒАН ТАРИХ

Автор:admin

Ноя 24, 2025

Орта Азия даласында ислам дінінің таралуында ерекше рөл атқарған тұлғалардың бірі – Қарабура әулие. Ол тек саяси билікке ие болған хан ретінде ғана емес, рухани жаңалық әкелген діндар адам ретінде де танымал. Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің іргесін бекітіп, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтау ісіне белсенді қатысқан. Сол кезеңде Қарабура әулие халыққа ислам дінін жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп, Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихаттауда ерекше үлес қосқан. Бүгінгі таңда Қарабура әулиенің кесенесі – тарихи нысан ретінде сақталып, зиярат ететін орынға айналған.

Қарабура әулие халық арасында Қорқыт ата, Арыстан баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қожа Ахмет Ясауи сынды киелі тұлғалармен қатар пір ретінде қабылданған. Бүгінде Созақ ауылында орналасқан кесенесі мұсылман қауымының киелі орнына айналып, жергілікті халық пен алыс-жақын елдерден келген зиялы қауым үшін қасиетті мекенге айналды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қарабура хан басқаруда өзіне де, өзгелерге де төрт басты қасиетті ұстанымды негіз еткен: әділет, адалдық, білімділік және адамгершілік. Бұл ұстанымдар мыңдаған жастардың тәрбиесіне әсер етіп, оларды ел арасына жіберу арқылы ислам дінін халыққа түсіндіруде үлкен рөл атқарған. Діни сауаты бар азаматтарға молда, ғалым, қажы ретінде құрмет көрсетілген.

Қарабура әулиенің беделі тек қана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де көрінген. Дін таратушы Ысқақ бабтың ұрпақтары Қожа Ахмет Ясауи мәйітін тек Қарабура әулиенің басқарып жерлеуін қадағалаған. Әулие Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарып, жерлеу рәсімін өзі атқарған. Кейін хандық билікті тастап, «Пайғамбардан артық қызмет етуге хақым жоқ» деп, өмірін құлшылыққа арнаған. Бұл рухани дәстүр кейінгі ұрпаққа да сабақ болған, сол себепті кейінгі діндарлар мен игі жақсылардың мүрдесін кесене маңына қою дәстүрге айналған. XVIIІ ғасырдың басында Құрбан атаның кесенеге жерленуі де осы сабақтастықты айғақтайды.

Қарабура әулиенің отбасы да тарих үшін маңызды. Бірінші қызы Бегім сұлуды Оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Екінші қызы Әмбар Бибі ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама Сүлеймен Бақырғаниға тұрмысқа шыққан. Әмбар Бибіден туған немере қызы Айша Бибі Сүлеймен Бақырғани өлгеннен кейін екінші әкесі Зәңгі бабаның тәрбиесінде болған. Айша Бибінің кесенесі Тараз қаласында, Әмбар Бибінің кесенесі Ташкенттен 12 шақырым жерде, ал Бегім сұлудың кесенесі Қызылорда облысында орналасқан.

Қарабура әулиенің аты Орта Азияның бірнеше елінде де белгілі: Қытай, Қашқар, Иран, Түркия, Тәжікстан, Қырғызстан жерінде ол туралы деректер сақталған. Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты Білік» дастанында Қарабура ханның ел басқарудағы әділдігін, биліктің негізін қалай салғанын баяндаған. Бұл – қазақ халқының тарихын зерделеуде таптырмас құжат.

Бүгінде Қарабура әулиеге арналған дәстүрлі ас шаралары жыл сайын өткізіліп келеді. Ұрпақтары ұйымдастыратын ғылыми конференцияда әулиенің қазақ жеріне ислам дінін таратудағы еңбектері, Қарахан мемлекетін қалыптастырудағы рөлі, тама руының тарихы және 1930-жылдардағы Созақ пен Сарысу өңіріндегі аштық туралы баяндамалар тыңдалады. Шараға алыс-жақын елдерден тарихшылар, өлкетанушылар қатысып, өз зерттеулерін ұсынады.

Қарабура мәдени орталықтары еліміздің әртүрлі аймақтарында ширек ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы орталықтар бабаға ас беру дәстүрін сақтау мен дамытуда маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары дәстүрлі ас шаралары халықаралық деңгейде ғылыми конференциялармен ұштасып, тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық рухани байланысқа да жол ашты.

Қарабура әулие кесенесінің көркейуіне марқұм меценат Құрал Ержанов ерекше үлес қосқан. Қазіргі таңда кесененің айналасы Орта Азиядағы ең көрікті пантеондардың бірі болып саналады. 600-ден астам белгітастар мен ескерткіш қойылған бұл киелі орынға келушілер үшін тарихи және рухани сабақтың орнына айналған. Мемлекет қайраткері және жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар, шамданғанда қайрат бітірер ұран» деп атап өткен.

Қарабура әулиенің өмірі, ұстанған жолы және салған ізгі істері ғасырлар бойы есте сақталып, жаңа ұрпаққа өнеге болып келеді. Оның әділеттілікке, адалдыққа, білімділікке және адамгершілікке шақыратын ұстанымдары әрдайым өзектілігін жоғалтпайды. Ел басқарудағы әділдігі мен имандылығы, ислам дінін халыққа таратудағы табандылығы бүгінгі күнге де маңызды сабақ.

Қарабура әулие қазаққа ғана емес, барлық түркі жұртына ортақ тұлға. Оның кесенесі, ұрпақтары ұйымдастыратын шаралар мен ғылыми конференциялар  тарихи сабақ, рухани тәрбие, мәдени мұраны сақтау және ұрпаққа жеткізу жолындағы үлгілі іс. Қазақ даласында қалыптасқан әділет, адалдық, білімділік және имандылық дәстүрлері бүгінгі күнде де әрбір адамға үлгі боларлық.

Қарабура әулие есімі тарих сахнасынан өтіп, бүгінде жастарға рухани бағыт көрсетіп, қазақ даласын рухани әрі мәдени байытудың символына айналған. Оның өмірі мен еңбегі ғасырлар бойы халық есінде қалатыны анық, себебі бұл  тек өткеннің емес, бүгіннің де бағалы рухани мұрасы.

 

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin