• Ср. Окт 14th, 2026

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ САДАҚ АТУШЫЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Автор:jsk.kz

Авг 14, 2026

Садақ ату – тек заманауи спорт түрі ғана емес, бұл – бабалардан қалған асыл мұра, халықтың тарихы мен жауынгерлік рухын танытатын ерекше өнер. Бұрынғы заманда ел қорғаған батырлардың басты қаруы болған садақ бүгінде әлемдік деңгейде кеңінен танылған, сабырлық пен мергендікті талап ететін мәртебелі спорт түріне айналды.

Көшпелі қазақ халқы үшін садақ – жай ғана қару емес, ер азаматтың серігі, мәртебесінің белгісі болған. «Бес қарудың» бірі саналатын садақтан оқ ату бала кезінен үйретіліп, мергендікке, ептілікке, төзімділікке баулыған. Жамбы ату, ату жарыстары ұлттық ойындардың ажырамас бөлігі болып, мереке-тойлардың сәнін кіргізген.

Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту аясында «Дәстүрлі садақ ату» мен «Жамбы ату» қарқынды дамып келеді. Ат үстінде бара жатып нысананы дәл көздеу немесе дәстүрлі ағаш садақпен мергендік сынасу жастар арасында үлкен сұранысқа ие.

Садақ ату – спорт қана емес, бұл – адамның өзін-өзі тәрбиелеу мектебі. Бабалардың жауынгерлік рухын бойға сиырып, оны заманауи спорттың биік талаптарымен ұштастырған отандық мергендеріміз болашақта да Олимпиада шыңдарын бағындыра берері сөзсіз. Садақ атуды дамыту – ұлттық кодты сақтау мен салауатты ұрпақ қалыптастырудың маңызды қадамы.

Шымкент қаласының садақ атушылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Биыл наурыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия кубогында қала спортшылары бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Командалық сайыста Роксана Юнусова мен Диана Юнусова алтын медаль иеленсе, классикалық садақ атудан Дастан Кәрімов пен Диана Тұрсынбек те командалық есепте жеңімпаз атанды.

Ал, 31 наурыз – 4 сәуір аралығында Бангкок қаласында өткен Пара садақ атудан Азия кубогында Шымкент қаласының спортшылары — Жанат Әйтімова мен Айым Сейдахметова командалық сайыста 2-орын иеленіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, былтыр Корея Республикасының Гванчжу қаласында өткен садақ атудан әлем чемпионатында Роксана Юнусова командалық сайыста қола жүлдеге ие болды. Спортшының бұл жетістігі халықаралық аренадағы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жарқын жеңіске жеткен садақ ату спортының өкілдерін қабылдап, құрмет көрсетті.
Сәрсен Абайұлы садақ атушылар араға 32 жыл салып, әлем чемпионатында жүлдегер болғанын, жалпы шаһарда спортшыларға барлық жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Роксана Юнусоваға – 1 000 000 теңге, Азия кубогының жеңімпаздарына – 300 000 теңгеден, ал Пара садақ атудан Азия кубогының күміс жүлдегерлеріне 200 000 теңгеден сыйақыны табыс етті.
Айта кетсек, спортшылардың халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері олардың кәсіби шеберлігі мен жаттықтырушылар еңбегінің жемісі.

Автор: jsk.kz