• 01.07.2026 00:02

Қала тұрғындары тегін құқықтық көмек алды

Автор:jsk.kz

Июн 30, 2026

Заң көмегіне қолжетімділікті арттыру, тұрғындардың құқықтық сауатын көтеру және азаматтарды толғандырған мәселелерге жедел жауап беру мақсатында Шымкентте «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес өтетін шара биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін дәл осындай қабылдаулар сәуір және мамыр айларының соңында өткен болатын.

Бүгігі «Арбат» саябағында өткен акция барысында 76 азаматқа тегін құқықтық кеңес пен заң көмегі көрсетілді. Қабылдауға жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокуратура қызметкерлері, тергеушілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының мамандары қатысты.

Акция барысында тұрғындар мұрагерлік рәсімдеу, өсиет қалдыру, тұрғын үйді сатып алу-сату, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік, тұрғын үй бағдарламалары және өзге де құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта мұрагерлікке қатысты сұрақтар жиі қойылады. Азаматтар жақынынан айырылғаннан кейін мұраны қабылдау мерзімі, қажетті құжаттар мен рәсімдеу тәртібіне қызығушылық танытса, егде жастағы тұрғындар өсиет жасау тәртібі жөнінде кеңес алады. Сонымен қатар тұрғын үйді сатып алу кезінде қандай құжаттарға назар аудару қажет екені және қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер де көпшілікті толғандыратын мәселелердің қатарында.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының заңгері Фатима Сариева кәсіпкерлік саласына қатысты өтініштердің де аз емес екенін айтады.

-Акция барысында кәсіпкерлер мен кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары, жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу және заң талаптарына қатысты түрлі сұрақтармен жүгінеді. Мұндай кездесулер тұрғындардың мемлекеттік органдарға бармай-ақ, бірнеше саланың маманынан бір жерде кеңес алуына мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, құқықтық сауатын арттыруға оң әсерін тигізеді, – дейді Фатима Сариева.

Акция кеңес беру форматында екені белгілі. Әрбір азаматқа оның мәселесіне байланысты құқықтық түсіндірме беріліп, алдағы әрекеті мен қажетті құжаттар тізімі түсіндірілді. Ал заңдық рәсімдеуді талап ететін қызметтер тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Айта кету керек, «Халық заңгері» акциясына қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұған дейінгі қабылдауларда көптеген тұрғынның мәселесі оң шешімін тапқан. Бүгін 76 азаматтың мәселесі қаралды. Бұл тұрғындардың құқықтық кеңеске деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Өйткені халық пен заңгерлер арасындағы ашық диалог азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге және мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Автор: jsk.kz